QazMed Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтары кеңесінің көшпелі отырысына қатысты
12 наурыз күні Женева қаласында Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтары басшыларының сапары аясында аймақтық кәсіподақтар кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиын жұмысына Кеңес құрамына кіретін салалық кәсіподақ – «QazMed» ұйымы да қатысты.
Кездесу барысында Кеңес пен оған мүше ұйымдардың 2025 жылға арналған негізгі қызмет бағыттарыталқыланып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғау мәселелері қарастырылды.
Жиында Кеңестің қызметі бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асқаны атап өтілді. Оның негізгі бағыты – өңірдегі кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау тәжірибесімен алмасу және халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен өзара байланыстарды кеңейту.
Отырыстың қорытындысында Кеңестің есептік кезеңдегі қызметі туралы есеп бекітіліп, 2026 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары қабылданды.
Салалық кәсіподақ «QazMed» алдағы уақытта да Кеңес аясындағы жұмысын жалғастырып, денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауға, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға және Орталық Азия елдерінің кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыра бермек.