logo
search
menu
Қытайлық дәрігерлер науқастың жұлынып кеткен қолын оның аяғына тігіп, өмірін сақтап қалды
ашық дереккөзден

Қытайлық дәрігерлер науқастың жұлынып кеткен қолын оның аяғына тігіп, өмірін сақтап қалды

Қытай дәрігерлері медицинада сирек кездесетін күрделі операция жасап, науқастың жұлынып кеткен қолын ерекше тәсілмен сақтап қалды.

Хунань провинциясында тұратын Сяо Вэй ауыр жазатайым оқиғаға ұшырап, қолынан айырылған. Жарақаттың тым ауыр болуына байланысты дәрігерлер қолды бірден өз орнына қайта жалғау мүмкін емес екенін анықтаған.

Осы жағдайда хирургтар күтпеген шешім қабылдап, науқастың жұлынып кеткен қолын уақытша оның сол жақ тобығына тігіп қойған. Аяқтағы қан тамырлары арқылы қан айналымын қамтамасыз ету арқылы олар тіндердің тіршілігін сақтап қала алған.

Бір айдан кейін дәрігерлер қолды аяқтан ажыратып, қайтадан өз орнына мұқият түрде жалғаған. Мамандардың айтуынша, операция сәтті өткен, алайда қолдың толық қызметін қалпына келтіру үшін әлі де бірнеше кезеңдік ем қажет.

Айта кету керек, медицинада мұндай әдіс бұрыннан қолданылып келеді. Әдетте қолды уақытша қолтық астына тігу тәжірибесі жиі кездеседі, себебі бұл аймақта қан айналымы жақсы. Ал тобыққа тігу – өте сирек қолданылатын тәсілдердің бірі.

Мұндай микрохирургиялық операциялар 8-15 сағатқа дейін созылып, дәрігерлерден жоғары дәлдік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Соңғы жылдары Қытай осы саладағы жетістіктерімен әлем назарын аударып отыр.