logo
search
menu
Президент ашық айтты: Қазақстан ғылымының шынайы жағдайы қандай?
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент ашық айтты: Қазақстан ғылымының шынайы жағдайы қандай?

Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ғылыми жобалардың тиімділігіне қатысты өткір сын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Мемлекет басшысы Ғылым қоры инновацияны дамыту үшін қосымша функциялар алғанымен, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанын атап өтті.

"Өзін-өзі алдаудың қажеті қанша? Ғылым бар секілді, бірақ оның нақты нәтижесі қайда? Маған баяндалғандай, үш мыңнан аса ғылыми жобаның тек 193-інен коммерциялық пайда алынып, нарыққа соның тек 29-ы шыққан. Яғни, индустриялық нәтиже жоқтың қасы", – деді президент.

Сондай-ақ Тоқаев Ғылым қоры қызметінде бірқатар жүйелі мәселелер бар екенін айтты. Оның сөзінше, заманауи өндіріс орындарын ашуға бөлінген жер телімдері игерілмей бос тұр. Сонымен қатар, жіберілген қателіктер үшін жауапкершілік қарастырылмаған, мемлекеттік қаржыны қайтару бойынша да тиісті шаралар қабылданбаған.

Президент құқық қорғау органдары грант ретінде бөлінген қаражаттың бір бөлігі Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қорының қызметкерлеріне заңсыз аударылғанын анықтағанын да мәлімдеді.

Осы жағдайларды ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметке ғылым саласын қаржыландыру жүйесін қайта қарауды, бюджет қаражатының жұмсалуына қатаң бақылау орнатуды және нақты басым бағыттарды айқындауды тапсырды.

"Ғылымды қаржыландыруға келгенде, қаражатты мақсатсыз жұмсауға жол берілмеуі тиіс", – деп түйіндеді Тоқаев.