Атырау облысындағы 20/16 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатқан ақтаулық сарбаз Нұрбек Ерғалиев үйіне табытпен оралды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
2003 жылы туған сарбаздың денесін әскерилер кеше ата-анасына табыстаған. Әскери борышын аяқтауға бір ай ғана қалған сарбаз әскери міндетін орындау барысында мерт болған.
Оқиға әскери бөлімнен 80 шақырымда болған. Әскери тапсырманы орындауға аттанған 5 адамның ішінде Нұрбек Ерғалиев те болған. Жолда олар отырған көлік бұзылып, 3 сарбаз автокөлікте қалып, Нұрбек пен командирі көмек сұрауға жолға шыққан.
«Жолда Нұрбек қатты әлсіреп, көз жұмады. Ал командирі жолға дейін жетіп, көмек күтіп жатқан. Көлікте 7 литр су бар екен. Барлығы бірге неге көлікте көмек күтпеді? Бір түсінбейтін жайт, 15 тамызда біздің бала сарбаздардың whatsapp чатынан шығып кеткен. «Әскери бөлімге кешіккен соң, көмекті күндіз сағат 12-де жібердік. Марқұмның денесі кешке, сағат 18 шамасында табылды» деп түсіндірді бізге. Көмек неге кеш көрсетілді?», – дейді марқұмның туыстары.
Сарбаздың ата-анасы баласының қапияда қаза болғанына әскерилерді кінәлайды. Сондықтан да мәйітке сараптама тағайындауды талап етіп жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша марқұмның жүрегі тоқтап қалғаны анықталды.