logo
search
menu
Қазақстан мектептерінде жаңа пән пайда болады
shutterstock.com

Қазақстан мектептерінде жаңа пән пайда болады

Қазақстан мектептерінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары негізінде жұмыс істейтін «Даналық мектебі» отбасылық тәрбие клубтарының қызметі тұрақты түрде жалғасып келеді.

Бұл клубтар отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыруға және ұлттық тәрбие құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаң ретінде қарастырылады.

Жоба аясында «Әке өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы» бағыттары бойынша түрлі кездесулер, тренингтер мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және отбасылық дәстүрлерді дәріптеуге ықпал етеді.

2025-2026 оқу жылы басталғалы бері клуб шеңберінде шамамен 33 мыңға жуық іс-шара өткізілген. Биылғы оқу жылындағы сабақтар мазмұны заманауи талаптарға сай жаңартылған.

Бағдарламада оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, ұрпақтар арасындағы өзара сыйластықты нығайту, кітап оқуға қызығушылықты арттыру және қаржылық сауаттылықты дамытуға ерекше мән берілген. Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігі мен рөлін түсіндіру де басты бағыттардың бірі саналады.

Айта кетейік, бұл орталықтар 2023 жылдан бері барлық мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жұмыс істеп келеді. Ал «Даналық мектебі» клубы тек іс-шаралар өткізетін орын ғана емес, отбасылық құндылықтарды нығайтып, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды тәрбиелік орта ретінде ерекшеленеді.