Қырғызстан АЭС жобасын қоғамдық талқылауға шығармақ
Қырғызстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесін референдумға шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Елдің Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Данияр Амангельдиевтің айтуынша, АЭС мәселесі елдің энергетикалық болашағымен тікелей байланысты. Қазіргі кезеңде нақты құрылыс емес, қажетті инфрақұрылымды дамыту және мамандарды даярлау жұмыстары қолға алынған.
"Біз "Росатоммен" инфрақұрылым қалыптастыру және кадр даярлау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Осы кезеңдер аяқталғаннан кейін ғана АЭС салу мәселесі қаралады", – деді ол.
Амангельдиевтің сөзінше, түпкілікті шешім халықтың қатысуымен қабылданады. Сол себепті бұл мәселені референдумға шығару жоспарланып отыр.
"Біз халықпен кеңесеміз: заман ағымына сай даму керек пе, жоқ па – соны бірге шешеміз", – деді ол.
Айта кетейік, бұл тұрғыда Қырғызстан Қазақстанның тәжірибесін қайталауы мүмкін. Қазақстанда 2024 жылы АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, азаматтар станция салуды қолдаған болатын. Елдегі алғашқы АЭС құрылысының бас мердігері ретінде "Росатом" компаниясы белгіленген.
Егер референдум өткізу туралы шешім қабылданса, бұл Қырғызстанның алдағы жылдарға арналған энергетикалық стратегиясындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.