Елордадағы №6 балалар кітапханасында «Экология әлеміне саяхат» экоквесті өтті
Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 балалар кітапханасында «Экология әлеміне саяхат» атты экоквест ұйымдастырылды.
Зияткерлік форматтағы іс-шара балалардың экологиялық ойлауын қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарым-қатынасын дамытуға және қоршаған орта туралы білімдерін бекітуге бағытталды. Шараға №86 «Зияткер» балабақшасының тәрбиеленушілері қатысты.
Экоквест барысында қатысушылар тақырыптық станциялардан өтіп, экологиялық мәдениетті дамытуға және қоршаған ортаға жеке жауапкершілікті сезінуге бағытталған түрлі тапсырмаларды орындады. Ойын форматы балалардың қызығушылығын арттырып, жаңа білімді тиімді меңгеруге мүмкіндік берді.

Шара барысында тәрбиеленушілер тапсырмаларды қызығушылықпен орындап, ойын арқылы табиғатты қорғау жөніндегі алғашқы түсініктерін қалыптастырды. Мұндай интерактивті формат балалардың танымдық белсенділігін арттырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, №6 балалар кітапханасында «Таза Қазақстан» тақырыбы аясында оқырмандар назарына тақырыптық кітап көрмесі ұсынылып, экологиялық тәрбиеге бағытталған түрлі форматтағы танымдық және тәрбиелік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашыр көзқарасын дамытуда маңызды рөл атқарады.
№6 балалар кітапханасының кітапханашысы Смаилова Малика атап өткендей, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – балаларға экологиялық білімді қызықты әрі қолжетімді форматта жеткізу.
«Біз балаларға экологиялық білімді қызығушылық пен белсенді қатысу арқылы жеткізуді мақсат еттік. Кітап – негізгі құрал, ал ойын форматы материалды жақсы меңгеруге және табиғатқа саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ол.
