Саулық негізі: себеп-сіз
«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген халқымыздың тәрбиелік мәні терең даналық сөзі қыз баланың болашақ ана, отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізін қалаушы екенін аңғартса керек.
Жаратылысынан нәзік, тез еліктеп, тез көнгіш қыз баланың тәлім-тәрбиесіне, әдеп-мәдениетіне үлес қосуды мақсат еткен «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы тек қыздарға арналған семинар-тренинг легін өткен жылдан бастап өткізіп келеді. «Саулық негізі: себеп-сіз» деген тақырыппен өтіп жатқан іс-шарада мектеп, колледж, ЖОО қыздары, яғни 13-22 жас аралығындағы қыздар қамтылуда. Семинарлар барысында жаһандану заманына сай әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлі өзгеріп жатқан қыздардың өзін-өзі ұстауы, көшбасшылық қасиеттерді игере отырып ұлттық құндылықтардан алшақтамауы қамтылып, дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасы, қыздардың репродуктивті денсаулығы және ерте жүктіліктің алдын алу туралы маңызды мәліметтер де беріледі.
Еркежан Маратқызы, физиолог, биолог, нутрицолог, «Сенімен Болашақ» РҚБ эксперт-жанашыры:
Қыз баланың тәрбиелі, ибалы, білімді болып өсуі – бүкіл қоғамның мәдениеті мен болашағына әсер етеді деген жалынды сөзді бәріміз айтамыз. Бұл тек сөз жүзінде қалмасын, тірлікпен, іспен көрсетейік деген мақсатпен басталған іс-шара Алматы қаласы бойынша сұранысқа ие болып жатыр. Қыз баланың ағзасы өсілу, жетілу кезеңінде көп физиологиялық өзгерістерге ұшырайды, сол кезеңде не істеу керектігін білмей, не анасына, не басқаға айта алмай абдырап қалатын бойжеткендер бар. Жеке гигиенаны сақтаудың алғышарттарын, қыз бала ағзасының өзіндік ерекшеліктерін, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын тәппіштеп түсіндіріп, көрнекіліктер арқылы көрсетіп, талдап береміз. Бұл кезеңде ата-анасының қолдауы, түсіністікпен қарым-қатынас құруы маңызды рөл атқаратынын да ескерген жөн.
Заманның құбылып тұрған шағында бейәдеп әдет-ғұрып жастарымыздың бойына сіңіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Егер өнегелі тәрбиенің өзегі бүгін жасалмаса, ертең ұрпағымызды тәрбиелейтін қыз балаларымыз өз болмысынан алшақтап қалмасына кім кепіл?! Сондықтан ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана құндылықтарын сіңіре отырып, қыз балаға болашақ ана, шаңырақтың ырысы мен берекесі екенін ұғындырып, азаматтық жауапкершілігін арттыруды мақсат еткен іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.