logo
search
menu
Декрет әскери борыштан босатпайды
Фото © Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Декрет әскери борыштан босатпайды

Қазақстанда әскери кафедраны тәмамдап, екі жылдық қызметке шақырылатын запастағы офицерлерге қатысты ереже өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Сенат отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қызметке шақырылғаннан кейін декреттік демалысқа шығатын әскери қызметшілер саны көбейген. Соның салдарынан кейбір офицерлер заңда белгіленген қызмет мерзімін толық өтемей-ақ әскери міндетін орындады деп есептеліп келген.

Министр орынбасары азаматтық жоғары оқу орнын әскери кафедрамен бітірген және 24 ай мерзімге әскери қызметке шақырылған ер азаматтар туралы сөз болып отырғанын айтты.

«Соңғы жылдары декреттік демалысқа шығу құқығын пайдаланатындардың саны артып келеді. Екі жылдық қызметке шақырылған кейбір офицерлер аз уақыт қызмет атқарғаннан кейін рапорт жазып, декреттік демалысқа кетеді. Сондықтан бұл норманы енгізуді орынды деп санаймыз», – деді Асқар Мұстабеков.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы мұндай мүмкіндікті 16 адам пайдаланса, 2024 жылы олардың саны 67-ге жеткен. Ал 2025 жылы 95 офицер декреттік демалысқа шыққан. 2026 жылдың алғашқы бес айының өзінде 42 офицер декреттік демалыста жүр.

Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша әскери қызметші шақырылғаннан кейін бірнеше ай ғана қызмет атқарып, кейін декреттік демалысқа шыға алады. Алайда екі жылдық мерзім аяқталған соң оның әскери қызметі толық өтелді деп есептеледі.

Мысал ретінде министрдің орынбасары 24 айға шақырылған офицердің екі ай қызмет етіп, кейін декреттік демалысқа кету жағдайын келтірді. Қазіргі жүйеде ол 24 ай өткен соң қайта оралса да, қызмет мерзімін толық өтеген болып саналады.

Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, декреттік демалыс кезінде әскери қызмет мерзімінің есебі тоқтатылады. Демалыстан оралғаннан кейін әскери қызметші өтелмеген мерзімді толық аяқтауы тиіс. Мәселен, офицер алты ай қызмет етіп, кейін декреттік демалысқа шықса, демалысы аяқталған соң қалған 18 айды өтеуге міндетті болады.

Журналистер бұл өзгеріс бұрын қолданылып келген заңдағы олқылықты жоюға бағытталған ба деген сұрақ қойды. Бұған жауап берген Асқар Мұстабеков заңның кері күші болмайтынын атап өтті. Яғни жаңа норма күшіне енгеннен кейінгі жағдайларға ғана қолданылады.

Оның сөзінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында аталған санаттағы 42 әскери қызметші декреттік демалыста жүр.