Италияда оқып жүрген қазақстандық студент қайтыс болды
Италияда білім алып жүрген қазақстандық студент Нұрдәулет Машариповтың қазасы туралы ақпарат тарады.
Қайғылы хабарды әлеуметтік желідегі Threads парақшасында Дінмұхамед Мұхтаров жариялады. Оның айтуынша, жас жігіт жазатайым оқиға салдарынан теңізге батып кеткен.
Нұрдәулет Машарипов – Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Ол кейін Италиядағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген.
«Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі әрі оқушысы болған Машарипов Нұрдәулеттің Италияда қайтыс болғанын өкінішпен хабарлаймыз. Қазір оның мәйітін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жиналып жатыр. Жалпы шығын көлемі 8 мың еуроны құрайды», – деп жазды Дінмұхамед Мұхтаров.
Италиялық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, марқұмның денесі Италияның оңтүстігіндегі Вибо-Валентия провинциясына қарасты Бриатико қаласы маңындағы теңіз жағалауынан табылған.
Алдын ала тексеру барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Алайда жағалаудағы жартастарға соғылудан пайда болған дене жарақаттары тіркелген. Тергеудің бастапқы нұсқасы бойынша, студент суға батып кеткен болуы мүмкін.
Мамандардың болжамынша, оның қазасы мәйіт табылғанға дейін шамамен 15 сағат бұрын болған. Марқұмның жанынан ұялы телефоны табылған. Сондай-ақ жағалаудағы жартастардан оның сөмкесі мен киімдері анықталған.
Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Италиядағы елшілігі мен жергілікті құзырлы органдар болған жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр.
«Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде», – делінген министрлік хабарламасында.