ҚТЖ әйелдер вагоны жобасының болашағына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан темір жолы компаниясы жолаушылар пойыздарында тек әйелдерге арналған вагондарды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны сәтті жүзеге асқан бастама деп бағалады. Бұл туралы басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов жобаның қорытындысын шығарып, оның алдағы тағдырына қатысты сауалдарға жауап беру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды TAULIK.KZ Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Компания басшысының айтуынша, бастама өз мақсатына жетіп, жолаушылар тарапынан оң қолдау тапқан.
«Бұл тәжірибе өзін толық ақтады деп есептеймін. Бізге көптеген жағымды пікір келіп жатыр. Әйел жолаушыларымыз бұл бастаманы жоғары бағалап отыр. Сондықтан оның жалғасын табатынына сенемін. Жоба өз тиімділігін көрсетті», — деді Талғат Алдыбергенов.
Дегенмен әйелдерге арналған вагондардың жаңа бағыттарда қашан пайда болатыны әзірге белгісіз. Жобаны қай бағыттар бойынша кеңейту жоспарланып отырғаны жөніндегі нақтылаушы сұраққа жауап берген компания басшысы әзірге мұндай шешім қабылданбағанын айтты.
«Қазіргі уақытта бұл жөнінде нақты ақпарат жоқ. Алдағы уақытта мүмкіндік пен қажеттілікке қарай мәселе қаралады. Әзірге қандай бағыттар қамтылатыны анықталған жоқ», — деп сөзін түйіндеді ол.