ҰҚШҰ аясындағы әскери тасымалдарды келісу мерзімі үш есеге қысқарады
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ОДКБ) елдері арасында әскери күштерді жедел орналастыру жеңілдейді. Мәжіліс ратификациялаған хаттамаларға сәйкес, әскери тасымалдарды келісу мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылды, деп хабарлайды TAULIK.KZ Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаттары сәрсенбі күні Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ОДКБ) шеңберіндегі әскери тасымалдарға қатысты екі хаттаманы ратификациялады. Құжаттарға енгізілген өзгерістер әскери тасымалдарға өтінім беру мерзімін үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартуды көздейді.
Түзетулер ұжымдық қауіпсіздік күштерін төтенше жағдайларда жедел түрде орналастыру тәртібін қарастырады. Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабековтің айтуынша, өзгерістер ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында әскери құрамалардың уақытша болуын және олардың тасымалдануын қамтамасыз етуге қатысты келісімдердің жекелеген ережелерін нақтылауға бағытталған.
"Әскери құрамалардың қабылдаушы мемлекеттің аумағына жіберілуі мүмкін жағдайлар нақты әрі егжей-тегжейлі айқындалды. Шұғыл әрекет ету қажет болған жағдайда, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешім қабылдағаннан кейін әскери тасымалдарға өтінім беру мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылады", – деді қорғаныс министрінің орынбасары.
Сонымен қатар әскери құрамаларды тасымалдау кезінде оларды қабылдау және жөнелту, аэродромдық-техникалық қызмет көрсету, тұрақ орындарын беру және барлық әуежайларда әуе кемелерін күзету қызметтері қабылдаушы немесе транзиттік тараптар тарапынан тегін жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, әуе кемелерінің ұшуын аэронавигациялық қамтамасыз ету қызметтері үшін ақы алынбайды. Ал әуе кемелерін жанармаймен қамтамасыз ету транзиттік немесе қабылдаушы тараптың күштері мен құралдары арқылы, тиісті келісімдер мен уағдаластықтар негізінде жүзеге асырылатын болады.