«Бас сүйегінің бөлшектерін өз қолыммен жинағанда...»: Әл-Фарабидегі апаттан қаза болған қыздың әкесі шұғыл мәлімдеме жасады
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша сот процесінде жәбірленуші тарап айыпталушымен бітімге келмейтінін мәлімдеді. Марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі сотта қызының қазасынан кейін оны кешіру мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Taulik.kz.
Алматыдағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот отырысында қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушы Александр Пакпен татуласуға ниетті емес екенін мәлімдеді. Бұған дейін көз жұмған өзге үш азаматтың туыстары сотталушыны кешіретіндерін айтқан болатын. Сот барысында ер адам қандай да бір материалдық өтемақы алудан бас тартатынын жеткізіп, өзін осы қылмыстық іс бойынша ресми жәбірленуші ретінде тануды сұрады. Сот шешіміне сәйкес, оның жеке деректері жарияланбайды. Оның мүддесін үш адвокат қорғауда. Қорғаушылар ер адамның ата-ана құқығынан айырылмағанын алға тартып, жәбірленуші мәртебесін алуға заңды негіз бар екенін мәлімдеді. Алайда судья әзірге оны куәгер ретінде жауап алу туралы шешім қабылдады.
Сот отырысында марқұм қыздың әкесі жол апатынан кейін сотталушының әкесімен Тараз қаласында кездескенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кездесу барысында сотталушының әкесіне ұлына дұрыс тәрбие бермегенін жеткізген. Сондай-ақ ол апат салдарынан бастап өткерген ауыр жағдайларды, атап айтқанда мәйітханада қызының шашырап кеткен бас сүйегінің бөлшектерін жинағанын күрсініспен еске алды. Бұдан бөлек, ер адам жерлеу рәсімдерін ұйымдастырумен айналысып жүрген кезеңде бұрынғы жұбайының сотталушының туыстарымен байланысқа шығып, олардан ақшалай өтемақы алғанын мәлімдеді.
Сот барысында ол өз ұстанымын өзгеріссіз қалдыратынын атап өтіп, айыпталушымен татуласу мүмкіндігін қарастырмайтынын жеткізді:
«Мен Пакты кешірмеймін. Томирис менің тұңғыш қызым еді. Анасымен ажырасқанымызға қарамастан, мен балаларыммен араласып тұрдым. Томиристі жеке мектепке орналастырып, оқу ақысын өзім төледім. Ол қайтыс болардан бір күн бұрын телефонмен сөйлескенбіз. Маған үйге келіп, наурыз көже ішетінін айтқан еді. Апат болған түні полиция ең алдымен маған қоңырау шалды. Мен жерлеу жұмыстарымен жүргенде, бұрынғы әйелім Пакты кешіріп үлгеріпті. Мен оны ешқашан кешірмеймін. Қызымды мәйітханада көргенімде, оның басы шағылып, денесінде жарақат өте көп болды. Өз көзіммен көрген сұмдықтан кейін мен оны қалай кешіремін?»