Шымкенттегі қайғылы өрт: сегіз баланың анасы қаза болды
Шымкент қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан әйел адам қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм сегіз баланың анасы болған, деп хабарлайды Taulik.kz.
Қайнарбұлақ шағын ауданында тұрғын үй секторында өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан адам өлімі болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт кезінде 39 жастағы Марал Боранбаева үй ішінде қалып қойған. Құтқаруға күйеуі мен 17 жасар баласы да ұмтылғанмен, әйелді аман қалу мүмкін болмаған. Қызыл жалыннан алып шыққанмен де, зардап шеккен әйел медициналық мекемеге жеткізілгеннен кейін көз жұмған.
– Әйелімді құтқара алмадым. Әйелім ана жақта жүрген ғой. Біз мақтамен айналысамыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80 пайыз күйіп қалыпты әйелім, – деді марқұмның күйеуі Айдос Боранбаев.
Сегіз балалы отбасы үйінің ауласынан цех ашып, көрпе тігіп, табыс тауып отырған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен өрт мақтадан шығып, артынша баспананың да күлі көкке ұшқан.
– Естідік те, шауып келдік. Келсек, өртеніп түк қалмаған мына жерде. 6-7 тонна мақта түк жоқ. Балалары сыртта жүріп жанталасқан ғой, бірақ аман, Құдайға шүкір. Үлкен баласының мына жерлері күйіп әбіржіп қалды. Үлкен қызы тіпті шок. Кішкентайлары қашып құтылыпты, – дейді Шымкент тұрғыны Ержан Ырысбаев.