Украина Германиядан әуе қорғанысына арналған 600 зымыран сатып алмақ
Украина президенті Володимир Зеленский Киевтің Германиядағы өндірушілермен әуе қорғанысына арналған 600 зымыран бойынша келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz DW.com сайтына сілтеме жасап.
Зеленскийдің айтуынша, Германия аталған зымырандарды өндіру үшін АҚШ-тан тиісті лицензия алған. Осыдан кейін неміс тарапы өндірісті бастаған. Украина президенті Киевтің неміс өндірушілерімен ірі сомаға келісімшартқа қол қойғанын айтты.
«Біз олармен өте ірі сомаға келісімшартқа қол қойдық. Әңгіме 600 зымыран туралы болып отыр», – деді Зеленский.
Әзірге Германия үкіметі бұл мәлімдемеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Зеленский Еуропада, соның ішінде Германияда, Patriot жүйелеріне арналған зымыран өндіруге техникалық мүмкіндік бар екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай өндіріс алдағы уақытта Еуропаның басқа елдерінде де жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.
Украина президенті Францияда өткен G7 саммитінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен қосымша мәселелерді талқылағанын жеткізді. Зеленскийдің сөзінше, АҚШ тарапы Украинаға зымыран өндірісі бойынша лицензия беру мәселесіне алғаш рет оң көзқарас танытқан.
«Біз қазір тек Дональд Трамптың жеке келісімі қажет кезеңге жеттік. Қалған тараптардың бәрі бұл бастаманы қолдап отыр», – деді ол.
Францияның Эвиан қаласында өткен G7 саммитінің қорытындысы бойынша жетекші мемлекеттер Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, зымыранға қарсы жүйелерді, алыс қашықтыққа арналған қару-жарақ пен өзге де әскери техниканы жеткізуді арттыруға келіскен.
Сондай-ақ G7 елдері Украина аумағында әскери өнім өндірісін көбейтуге мүмкіндік беретін лицензияларды беру мәселесін қарастыруға дайын екенін білдірген.
Бұдан бөлек, «Үлкен жетілік» елдері Украинаға алдағы қыс маусымынан тұрақты өту үшін энергетика саласындағы қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
«Үлкен жетілік» құрамына АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония және Канада кіреді.