logo
search
menu
«Мен қарапайым адаммын» – Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты
Ulysmedia.kz

«Мен қарапайым адаммын» – Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты

Zeekr автокөлігінің жүргізушісі, Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан үш адамның ісі бойынша айыпталушы Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты. Ол марқұмдардың жақындарынан тағы да кешірім сұрап, болған оқиға үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді.

Айыпталушы соттан өзін тек сотталушы ретінде ғана емес, отбасы бар адам ретінде де қарауды сұрады.

«Мені тек сотталушы ретінде емес, ата-анасының ұлы, балаларының әкесі, жұбайының жары ретінде де көрсеңіздер деймін. Бұған дейін заң алдында жауап берген емеспін және бір күні осындай жағдайға тап боламын деп ойлаған жоқпын», – деді ол.

Сондай-ақ Пак әлеуметтік желілер мен БАҚ-та өзі туралы айтылған пікірлерге тоқталып, саяси ықпалы  бар адамдармен немесе ауқатты отбасылармен байланысы жоқ екенін жеткізді.

«Мен – Тараздан шыққан қарапайым адаммын. Жиырма жыл бойы еңбектеніп, қол жеткізген жетістіктерімнің бәріне өз күшіммен жеттім. Миллионердің немесе миллиардердің ұлы емеспін. Саяси ықпалы бар адамдармен де байланысым жоқ», – деді айыпталушы.

Қорғаушы Арман Рахманбердиеваның айтуынша, Пак жол-көлік оқиғасының болғанын алғашқы күннен бері мойындап, жасаған ісіне өкінеді және жәбірленушілерге моральдық шығынды толық өтеген. Қорғаушы соттан оған ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Ал прокурор Әлібек Күмісбеков айыпталушының кінәсі іс материалдарымен дәлелденгенін айтып, Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.