Әл-Фараби даңғылындағы үш адам өлімі: Александр Пакқа сот үкімі шықты
Алматы соты Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Александр Пакқа үкім шығарды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Taulik.kz.
Сот Пакты Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бапта алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жағдай үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сот шешіміне сәйкес, Александр Пак жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді.
Іс бойынша жарыссөз кезінде прокурор сотталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Ал қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шотенов моральдық зиян үшін 100 млн теңге өтемақы талап еткен.
Еске салайық, бұған дейін Zeekr автокөлігінің жүргізушісі, Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан үш адамның ісі бойынша айыпталушы Александр Пак сотта соңғы сөзін айтқан. Ол марқұмдардың жақындарынан тағы да кешірім сұрап, болған оқиға үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеген болатын.