logo
search
menu
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану тәртібі өзгерді: шекті сома екі есе өсті
Фото:depositphotos.com

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану тәртібі өзгерді: шекті сома екі есе өсті

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану тәртібіне қатысты жаңа өзгерістер енгізілді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жеткіліктілік шектері шамамен екі есе өсіп, енді азаматтардың БЖЗҚ-дағы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі қиындай түсті, деп хабарлайды tengrinews.kz

Мысалы, 20 жастағы азаматтар үшін шекті сома 6,67 млн теңге, 30 жаста – 9,75 млн теңге, ал 40 жаста – 13,37 млн теңгені құрайды. БЖЗҚ мамандарының айтуынша, бұл өзгеріс болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлемін арттырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Зейнетақы жарналары азаматтардың жалақысынан ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түседі. Ол қаражат мемлекет бақылауында болып, түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Сонымен қатар, мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, жинақтардың сақталуына кепілдік береді. Белгілі бір мөлшерден асқан жағдайда азаматтар “артық” қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалана алады.

Соңғы уақытта жеткіліктілік шектерінің өсуіне байланысты кейбір азаматтар зейнетақы жинақтарын сақтандыру компанияларына аударып, зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге көшкен. Бұл жүйе азаматқа зейнет жасына дейін немесе одан ертерек ай сайын тұрақты төлем алып отыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл тәсілдің ерекшелігі – зейнетақы қаражаты толықтай сақтандыру компаниясына өтеді және БЖЗҚ-ға қайта қайтарылмайды.

Мамандардың айтуынша, бұл – заңда қарастырылған ресми қаржылық құрал болғанымен, әр азамат шешімді қабылдар алдында барлық тәуекелдер мен шарттарды мұқият есептеуі қажет. Себебі зейнетақы аннуитеті өмір бойғы тұрақты табыс берсе де, қаражатты басқару құқығы шектеледі. Сондықтан БЖЗҚ-да қалдыру немесе сақтандыру компаниясына аудару – әр адамның жеке қаржылық стратегиясына байланысты таңдау болып саналады.