Лаоста еңбек құлдығына түскен қазақстандық Әнел Бермағанбетованың мәселесін шешуді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қолға алды, деп хабарлайды Taulik.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 19 тамызда отандасымыз консулмен байланысқа шығып, өзінің жағдайы туралы айтқан.
«Қазақстанның Ханойдағы елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың СІМ және ІІМ өкілдерімен тиісті келіссөздер өтеді», - делінген хабарламада.
Министрлік қазақстандық қызға еш қауіп төніп тұрмағанын, ол дипломаттармен және өз туыстарымен үнемі байланыста екенін атап өтті. Қыздың айтуынша, құжаттары мен телефонын ешкім тартып алмаған, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ күш қолданбаған.
Қазақстандық Таиландқа және одан әрі маршрут бойынша өз еркімен барған. Айтуынша, егер ол ұшуына, тұруы мен басқа да шығындарға жұмсалған ақшаны өтесе, жұмыс берушілер оны жіберуге дайын.
«Бұл мәселе біздің Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауында. СІМ және Вьетнамдағы Қазақстан елшілігі отандасымыздың елге оралуына қажетті көмек көрсетеді», - деп сендірді СІМ.
Министрлік шетелге жұмысқа баруды жоспарлап жүрген азаматтардан құжаттар мен келісімшарттарды мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдайлардың туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық Әнел Бермағанбетова Лаос мемлекетінде құлдыққа түскенін мәлімдеген еді.