Венесуэлада 7,5 балдық жер сілкінісі болды: кемінде 32 адам көз жұмды
Венесулада қатарынан болған екі күшті жер сілкінісі салдарынан кемінде 32 адам қаза тауып, 700-ден астам адам жарақат алды. Бұл туралы елдің уақытша президенті Делси Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды BBC News.
Құтқару қызметтері ел астанасы Каракас қаласында қираған ғимараттардың үйінділерін аршып жатыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, үйінді астында қалған адамдардан көмек сұраған дауыстар естілген. Сонымен қатар, жағалауда орналасқан Ла-Гуайра қаласында да айтарлықтай қираулар тіркелген.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) бағалауынша, табиғи апаттың салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Мамандардың алдын ала болжамдары бойынша, зардап шеккендер саны мыңдаған адамға жетуі ықтимал.
BBC тілшісі Ванесса Силваның хабарлауынша, көптеген ғимараттар электр қуатынсыз қалған. Сондай-ақ Каракас метросының жұмысы толықтай тоқтатылған.
Жер сілкіністерінің магнитудасы сәйкесінше 7,2 және 7,5 балл болған. Жерасты дүмпулері астананың батыс бөлігінде тіркеліп, оның әсері тіпті Колумбия астанасы Богота қаласына дейін сезілген.
Табиғи апат Венесулада ұлттық мереке күні болған кезде орын алды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 18:04-те тіркелген дүмпулер кезінде тұрғындардың басым бөлігі үйлерінде болған.
BBC журналисінің бірі Каракаста тұратын әпкесінен келген аудиохабарламамен бөлісті. Оның сөзінше: «Үй қатты шайқалды. Әлі де тербеліп тұрғандай сезіледі».
Қазіргі уақытта құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Билік тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын бақылап отыруға шақырды.