logo
search
menu
АҚШ: Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр
zelenskiy_official

АҚШ: Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр

Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр. Бұл жөнінде АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Джереми Левин мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. 

24 маусым күні Гданьск қаласында өткен Украинаға арналған түскі жиында сөз сөйлеген америкалық дипломат Джереми Левин майдан даласында Украина әскері басымдықты өз қолына алғанын мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта Украина бұл соғыста жеңіп жатыр, – деді ол.

Іс-шараны Виктор Пинчук қоры ұйымдастырған. Ол Украинаны қалпына келтіру мәселелеріне арналған URC-2026 халықаралық конференциясы қарсаңында өтті.

Левин өз сөзінде Украинаның Ресейдің басқыншылық соғысына қарсы тұрып жатқанын айта келе, қазір майдан даласындағы жағдай Киевтің пайдасына өзгеріп жатқанын мәлімдеді.

– Бұрын Украина қыс мезгілін күтіп, ұрыс қимылдарының бәсеңдеуіне үміт артатын. Өйткені суық ауа райы Ресей әскерінің шабуылдарын баяулататын. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді», – деді Левин.

Оның айтуынша, Украина күштері белсенді әрекет етіп жатыр. Ал Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасау үшін қыс мезгілін күтіп отыр.  

– Алайда бұл бағытта да Украина жағдайды өзгерте алды. Өткен қыста Украинаның өзі Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына соққылар жасады, – деді ол.

Джереми Левин Украина қарулы күштерінің жетістіктері Киев пен оның халықаралық серіктестері арасындағы ынтымақтастықтың жемісі екенін айтты. Ол жақында Францияда өткен G7 саммитінде жасалған уағдаластықты мысалға келтірді.

– Бұл Украина билігінің құбылмалы жағдайларға бейімделе алатынын және соғыста жеңіске жету мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді, – деді Левин.

Сонымен қатар ол АҚШ-тың Ресей мұнайына қатысты санкциялық саясатын қайта қарау мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның сөзінше, Трамп әкімшілігі алдағы уақытта да санкциялық шешімдерді Еуропамен үйлестіріп қабылдайды.

– АҚШ Украинаны қолдауды және Ресейге қысым жасауды жалғастырады», – деді ол.

Оның пікірінше, Киевке көрсетіліп жатқан әскери, қаржылық және саяси қолдау Украинаға майдан даласында басымдықты сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.