Елордада «Қауіпсіз терезе» профилактикалық науқаны басталды
Жаз мезгілі басталғалы балалардың терезеден құлау деректері өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ауа райының жылынуына байланысты тұрғындар пәтерлерінің терезесін жиі ашып қояды. Балалар айналаны бақылауға, терезеден сыртқа қарауға әуес. Алайда ересектердің бірнеше минутқа назарын басқа жаққа аударуының өзі қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін.
Елордада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының 28 фактісі тіркелген. Оқиға салдарынан жеті бала көз жұмды. Осыған байланысты құтқарушылар ата-аналарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Медициналық ұйымдардың мәліметінше, 2023 жылы балалардың терезеден құлауына байланысты 31 оқиға тіркеліп, бір бала көз жұмған. 2024 жылы мұндай оқиғалар саны 63-ке дейін өсіп, төрт өлім фактісі тіркелді. 2025 жылы балалардың терезеден құлауының 85 жағдайы орын алып, оның тоғызы қайғылы аяқталды.
Осыған байланысты Астанада көпқабатты тұрғын үйлердегі балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз терезе» профилактикалық науқаны басталды.
Бүгін, 30 маусым күні, науқан аясында кезекті профилактикалық іс-шара өткізілді. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер ұйымдарының өкілдері бірнеше топқа бөлініп, елорданың барлық ауданында профилактикалық жұмыстарды бастады. Олар көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын еске салды.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Тұқышев Өміржан сөзінше, науқанның мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттырып, балалардың терезеден құлау фактілерін алдын алу.
– Науқан барысында қауіпсіздік талаптары мен балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын түсінідіріп, әлеуметтік осал топтар тұратын пәтерлерде терезе шектегіштерін орнатып жатырмыз. Бұл науқан жыл басынан бері үш рет өткізілді.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау қызметінің аға лейтенанты Әли Арғынбаевтың айтуынша, күннің жылынуымен балалардың терезеден құлау қаупі айтарлықтай артады.
– Жылы мезгілдердің келуімен балалардың терезеден құлау оқиғалары жиіленеді. Жыл басынан бері «112» Астана қаласы жедел қызметіне балалардың терезеден құлауына қатысты 28 хабарлама келіп түсті, оның жетеуі қайғылы аяқталған. Бұл науқан шеңберінде Астана қаласын толық қамтимыз. Осыған дейін 1080 блокиратор орнаттық, бүгін 500-ден астам блокиратор орнатамыз, - деді ол.
Маманның айтуынша, масаға қарсы торлар баланың салмағын көтеруге арналмаған және ол баламен бірге құлап кетуі мүмкін. Сондай-ақ терезе маңына қойылған жиһаздар да үлкен қауіп төндіреді, өйткені олар балалардың терезеге оңай шығуына мүмкіндік береді.
2026 жылдың наурыз айынан бастап Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2,5 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйді аралап, тұрғындарға 11 мыңға жуық жадынама таратты. Сонымен қатар 12 мыңнан астам тұрғынмен қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жобаны іске асыру үшін алғашқы кезеңде шамамен мың дана арнайы терезе шектегіші сатып алынды. Бұл құрылғылар терезенің толық ашылуына жол бермей, оның ашылу бұрышын шектейді. Орнату жұмыстары пәтер иелерінің келісімімен жүзеге асырылады және алдын ала жасалған тізімдер мен тұрғын үйлерді аралау барысында анықталған мекенжайлар бойынша жүргізіледі.
Науқан аясында балалары бар пәтерлерге арнайы терезе шектегіштері орнатылады. Сондай-ақ тұрғындар арасында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Көмек алған тұрғындар да оның тиімділігін жоғары бағалады. Олардың айтуынша, терезеге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату әсіресе бірнеше баласы бар отбасылар үшін өте маңызды.
Науқанға қатысушылардың бірі Майдан Төлеутаевтың айтуынша, оның үш немересі бар. Сондықтан мұндай қауіпсіздік шаралары ата-аналар мен ата-әжелердің алаңдаушылығын азайтады.
– Менің үш кішкентай немерем бар. Әрдайым терезеге шығып, төменге қарайды. Бұл өте қауіпті. Мен үнемі олардың құлап кетпеуін бақылап тұрамын. Сондықтан мұндай науқанды ұйымдастырып жатқандарыңызға рахмет.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, арнайы терезе шектегіштерін орнату – кешенді профилактикалық жұмыстың бір бөлігі ғана. Мамандардың айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңызды фактор – ересектердің қырағылығы мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау. Себебі дәл осы қарапайым сақтық шаралары қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.


