Трамптың мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт қымбаттады
АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен арадағы бітімнің енді күшінде емес екенін мәлімдеуінен кейін әлемдік мұнай бағасы күрт өсті,деп хабарлайды Taulik.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Лондон биржасындағы Brent маркалы мұнайдың қыркүйек айындағы фьючерстері бірнеше минуттың ішінде барреліне шамамен 76 доллардан 78 долларға дейін қымбаттады.

Ал WTI маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстері 5,3 пайызға өсіп, барреліне 74,14 долларға жетті.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы атысты тоқтату режимі өзі үшін енді күшінде емес екенін айтқан болатын.
«Мен үшін Иранмен арадағы атысты тоқтату режимі енді күшінде емес», – деді Дональд Трамп.
Сонымен қатар АҚШ басшысы Иран билігін келіссөздер өткенін көпшілік алдында жоққа шығарды деп айыптап, ресми Тегеранды шындыққа жанаспайтын мәлімдемелер жасады деп сынға алды.
Бұл Қазақстан үшін неліктен маңызды?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, мұнай бағасының өзгеруі Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді. Себебі мұнайдан түсетін кіріс мемлекеттік бюджетке, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына ықпал етеді.
Сарапшының пікірінше, мұнай нарығындағы тұрақсыздық инфляцияның өсуіне, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың артуына себеп болуы мүмкін. Қазақстан экономикасының мұнай табысына тәуелділігі сыртқы нарықтағы өзгерістерге осалдығын күшейтеді.
Айта кетейік, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнайдың базалық бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде, ал доллар бағамы 540 теңге көлемінде белгіленген. Осы көрсеткіштер негізінде экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік шығыстар есептеледі.