Мектеп кітаптары жаңарады: өзгеріс қай сыныптардан басталады?
Қазақстан мектептеріндегі оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылатын болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жетілдіру жұмыстары аясында мәлімдеді, деп хабарлайды taulik.kz. atameken.business-ке сілтеме қалдыра отырып.
Министрліктің мәліметінше, қосымша сараптама барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қателік пен ескерту анықталған. Осыған байланысты оқулықтарды білім беру ұйымдарына жібермес бұрын оларды қайта қарап, толықтыру және түзету туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта баспалар мен тәуелсіз сарапшылар анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шаралар оқулықтардың сапасын арттырып, оқушыларға мазмұны нақты әрі талапқа сай оқу құралдарын ұсынуға бағытталған.
Оқулықтарды жаңарту бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады:
2026 жылғы 30 тамызға дейін – 3-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндерінің, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулықтары жаңартылып, сатып алынады.
2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сынып оқулықтары жаңартылады.
2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сыныпқа арналған оқулықтарды жаңарту аяқталады.
Министрлік бұл жұмыстардың басты мақсаты – оқулықтардағы қателіктерді барынша азайтып, мектеп оқушыларына сапалы әрі заманауи білім беру ресурстарын ұсыну екенін атап өтті.