logo
search
menu
Ұлттық архивтің ашылғанына 20 жыл: негізгі жетістіктері мен даму бағыты
gov.kz

Ұлттық архивтің ашылғанына 20 жыл: негізгі жетістіктері мен даму бағыты

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне биыл 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде мекеме Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты маңызды құжаттарды жинақтап, сақтап, ғылыми айналымға енгізетін жетекші архивтердің біріне айналды, деп хабарлайды Taulik.kz, Gov.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Ұлттық архив қорында 404 950 сақтау бірлігі бар. Сонымен қатар 16 миллион кадрдан тұратын сақтандыру қоры жасақталып, архив 278 ұйыммен тұрақты ынтымақтастық орнатқан.

Соңғы жылдары архивте цифрландыру жұмыстары қарқын алды. Цифрланған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін өсіп, электрондық форматқа 110 миллионнан астам бет көшірілді. Мекемеде ірі форматтағы құжаттарды цифрлауға арналған арнайы зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ миллиондаған құжаттың арасынан қажетті ақпаратты бірнеше секунд ішінде табуға мүмкіндік беретін интеллектуалды іздеу жүйесі енгізілген.

Ұлттық архивте Қазақстандағы алғашқы автономды, интернет желісіне қосылмаған электрондық оқу залы да ашылды. Бұл жүйе зерттеушілерге цифрлық құжаттармен қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Тарихи мұраны сақтау мақсатында архив ғимаратында 19 арнайы қойма, климаттық бақылау және газбен өрт сөндіру жүйелері, цифрландыру және реставрация зертханалары жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мамандар 1 447 тарихи құжатты қалпына келтірген.

Сонымен қатар Ұлттық архив ғылыми-әдістемелік орталық ретінде де қызмет атқарады. Мұнда Мемлекеттік архив қорының каталогы жүргізіліп, архив ісіне қатысты нормативтік құжаттар әзірленеді және ғылыми кеңестер ұйымдастырылады. Мемлекет тарихы институтымен бірлескен «Ғылыми зертхана» жобасы аясында соңғы үш жылда республика бойынша 20-ға жуық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.

Жастардың тарихқа қызығушылығын арттыру мақсатында «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы тұрақты жүзеге асырылып келеді. Ашық есік күндеріне қатысушылар саны 500 адамнан 2 мың адамға дейін өскен. Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп «Қазақстан тарихы» кабинеті ашылған.

Өткен жылдан бері Ұлттық архив «Мәңгілік жадымызда - Вечная память» порталын жүргізіп келеді. Бүгінде онда 705 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет жинақталған.

Жыл сайын архив 200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өткізіп, ғылыми жинақтар, фотоальбомдар мен әдістемелік басылымдар шығарады. Бұдан бөлек, мекеме Ресей, Өзбекстан, Түркия, Эстония, Франция, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің архив ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді.