Қазақстанда креаторларға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды
Қазақстанда креативті индустрия өкілдеріне арналған QazaqCreative бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Taulik.kz, Gov.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа платформа креаторларға мемлекеттік қолдау тетіктерін бір жерден пайдалануға мүмкіндік береді. Оны жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер, шығармашылық студиялар, продюсерлік орталықтар, агенттіктер және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдар пайдалана алады.
Енді шығармашылық сала өкілдері www.qazaqculture.com порталындағы QazaqCreative бөлімі арқылы тіркеліп, жеке кабинетін ашып, цифрлық сервистерді қолдана алады.
Тіркелген пайдаланушылар өз профилін жүргізіп, жобалары мен қызметтері туралы ақпарат жариялауға, хабарламалар алуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу үшін өтінім беруге мүмкіндік алады.
Платформада гранттық бағдарламалар, жобаларды қаржыландыру тетіктері, білім беру және акселерациялық бағдарламалар, консультациялық, сараптамалық, ақпараттық және цифрлық қолдау құралдары туралы мәліметтер топтастырылған. Сонымен қатар пайдаланушылар түрлі байқауларға, питчинг сессияларына, форумдарға, көрмелерге және басқа да салалық іс-шараларға қатыса алады.
Платформаға қосылу үшін www.qazaqculture.com порталындағы QazaqCreative бөліміне өтіп, тіркеу нысанын толтыру қажет. Модерациядан өткеннен кейін пайдаланушының жеке кабинеті ашылады.
Жоба тек креаторларға ғана емес, олардың өнімдері мен қызметтеріне қызығушылық танытатын азаматтарға да арналған.
Мамандардың айтуынша, QazaqCreative платформасы Қазақстандағы креативті экономиканы дамытуға серпін беріп, шығармашылық кәсіпкерлікті қолдауға және отандық креативті индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды цифрлық алаңға айналмақ.