Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясына қатысып жатыр
19 шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. Халықаралық жиын 29 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды Taulik.kz, Gov.kz-ке сілтеме жасап.
Сессияның ресми ашылуына Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён мен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед Әл Анани қатысты.
Іс-шараға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясына мүше 196 мемлекеттен шамамен 3 мың делегат, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қауымдастық өкілдері жиналды.
Сессия барысында Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін ұсынылған 30 жаңа номинация, сондай-ақ мұра нысандарының сақталу жағдайына қатысты 147 есеп қаралады.
Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі ретінде сессия жұмысына белсенді қатысуда.
Жиын барысында Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» номинациясын қарау жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы бірегей жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмысты бастауды тапсырған болатын.