Мүмкіндікті кеңейтетін технологиялар: Қазақстандағы оңалтудың жаңа бағыты
Қазіргі оңалту жүйесінде технология адамның күнделікті өмірде дербес болуына көмектесетін маңызды құралға айналды. Техникалық оңалту құралдары мен ассистивтік технологиялар адамның қозғалуына, қарым-қатынас жасауына, өзін-өзі күтуіне, білім алуына және қоғам өміріне араласуына мүмкіндік береді. Сол себепті олардың құндылығы адамның функционалдық мүмкіндіктерін қаншалықты жақсартатынымен бағаланады.
Әлемде ассистивтік технологияларға сұраныс жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2,5 млрд-тан астам адам кемінде бір ассистивтік құралға мұқтаж. 2050 жылға қарай мұндай технологияларды қажет ететін адамдар саны 3,5 млрд-тан асуы мүмкін. ДДҰ сұраныстың артуын, ең алдымен, халықтың қартаюымен және жұқпалы емес аурулардың кең таралуымен байланыстырады.
Қазіргі оңалту тәсілі адамға техникалық құрал берумен шектелмейді. Ең алдымен, оның қандай функциясы шектелгенін, қандай әрекеттерді өздігінен орындауда қиындық көретінін және сол шектеуді қандай шешім азайта алатынын анықтау қажет. Бір адам үшін өздігінен қозғалу маңызды болса, енді бірі үшін білім алу, қарым-қатынас жасау немесе күнделікті тұрмыстық әрекеттерді орындау басымдыққа ие болуы мүмкін. Демек, нәтиже берілген құралдардың санымен емес, адамның күнделікті өмірінде пайда болған нақты мүмкіндіктермен бағаланады.
Қазақстанда мұндай тәсіл QH «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасында қолданылып келеді. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп іске асырылуда. Жобаның ерекшелігі – оңалту іс-шараларын баланың күнделікті өмір сүру ортасына барынша жақындата отырып, үй жағдайында оңалту процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Соның арқасында мамандар техникалық құралдың нақты тұрмыстық жағдайда қаншалықты тиімді екенін бақылап, оңалту бағдарламасын баланың жағдайына қарай бейімдей алады.
Жеке қажеттілікке негізделген оңалту. Технологияны дұрыс таңдау неге маңызды?
Диагнозы бірдей адамдардың функционалдық мүмкіндіктері бірдей бола бермейді. Жасы, қозғалу қабілеті, дене бітімі, күнделікті белсенділігі, тұрмыс жағдайы мен қоршаған ортасы техникалық құралды таңдауға тікелей ықпал етеді. Сондықтан стандартты шешім әр адамға бірдей нәтиже бере алмайды.
Жеке қажеттілікке негізделген оңалту алдымен адамның функционалдық жағдайын бағалаудан басталады. Одан кейін оңалту мақсаты белгіленіп, соған сай техникалық құрал таңдалады әрі пайдаланушының жеке ерекшеліктеріне бейімделеді. Мәселен, кресло-арбаны таңдағанда адамның дене бітімі, отыру қалпы, қозғалу мүмкіндігі және құрал пайдаланылатын орта ескеріледі. Ортездер мен вертикализаторларды таңдау баланың анатомиялық, антропометриялық және функционалдық ерекшеліктерін, қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерін, қажетті қолдау деңгейін, сондай-ақ оларды қолданудың мақсаты мен қауіпсіздігін ескере отырып, жеке жүргізілуі тиіс.
QH жобасында мамандар баланың жағдайын және жаттығу барысын тұрақты бақылап, алынған нәтижелерді цифрлық бақылау құралдары арқылы тіркейді. Реабилитологтар үйдегі жаттығулардың динамикасын қашықтан талдап, қажет болған кезде оңалту бағдарламасына өзгеріс енгізе алады.
Техникалық құралды дұрыс қолданудың да маңызы зор. Пайдаланушыға немесе оның отбасы мүшелеріне құралды қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіру, оны адамның қажеттілігіне бейімдеу және кейінгі бақылауды ұйымдастыру оңалту процесінің ажырамас бөлігі болуы керек. Осындай жүйелі жұмыс қана құралдың күнделікті өмірдегі тиімділігін арттыра алады.
Қазақстанда оңалту технологияларының жаңа жүйесі қалай қалыптасып келеді?
Қазақстанда оңалту технологияларын дамыту енді жекелеген құралдарды енгізумен ғана шектелмейді. Негізгі назар олардың тиімділігін ғылыми тұрғыдан бағалауға және басқарудың жаңа модельдерін қалыптастыруға ауысып келеді.
Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы осы бағыттағы ғылыми-әдіснамалық және сараптамалық жұмыстарға қатысады. Орталық техникалық оңалту құралдарын пайдалану тәжірибесін зерделейді, олардың нақты қажеттілікке сәйкестігін бағалайды және жаңа тәсілдерді сынақтан өткізуге қатысады.
1 шілдеден бастап елімізде мүгедектігі бар адамдарға жекелеген техникалық оңалту құралдарын өтеусіз пайдалануға беріп, кейін қайтаруды көздейтін жаңа модельді сынақтан өткізу басталды. Пилоттық жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында іске асырылуда. Жаңа тәсіл техникалық құралды бір рет берумен шектелетін тәжірибеден бас тартып, оны пайдалану мерзімін, адамның нақты қажеттілігіне сәйкестігін және әрі қарай қолдану мүмкіндігін кешенді бағалауды көздейді.
Жаңа модель әлеуметтік-техникалық сараптаманың маңызын арттырады. Сараптама техникалық құралдың адамның өмір сапасы мен дербестігіне қалай ықпал ететінін бағалауға, оның функционалдық тиімділігін анықтауға, қажет болған кезде құралды жетілдіру немесе ауыстыру жөнінде ұсыным әзірлеуге негіз болады.
Оңалту технологияларының тиімділігі, түптеп келгенде, адамның күнделікті өміріндегі өзгеріспен өлшенуге тиіс. Адамның өздігінен қозғалу, білім алу, қарым-қатынас жасау немесе күнделікті тұрмыстық әрекеттерді дербес орындау мүмкіндігі кеңейгенде ғана технология өзінің негізгі міндетін орындайды.