Астанада «Күз–2026» шақырылымының жас толымын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті
10 қыркүйек 2026 жылы Астана қаласындағы «Жастар» сарайында «Күз–2026» шақырылымының жас толымын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Taulik.kz.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Астана қаласының әкімдігі және Астана қаласының Қорғаныс істері департаменті ұйымдастырды. 15 әскерге шақырылушы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне мемлекеттік шекараны қорғау қызметін атқару үшін жол тартты.
Салтанатты шараға қала әкімдігінің өкілдері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы мен әскери қызметшілері, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен ардагерлер, әскери-патриоттық қозғалыстардың тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, әскери кафедра студенттері, әскерге шақырылушылар және олардың ата-аналары қатысты.

Іс-шара барысында заманауи әскери киім үлгілері, мемлекеттік шекараны қорғау кезінде қолданылатын техникалық және байланыс құралдары, арнайы бөлімшелердің қару-жарақтары мен арнайы жабдықтары таныстырылды. Сонымен қатар қызметтік иттің есірткі заттарын анықтау бойынша көрсетілім ұйымдастырылды.
Әскерге шақырылушы Кенес Тохтарғали Әділханұлы:
«Отан алдындағы борышымды адал атқаруға дайынмын. Шекарада қызмет ету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш», – деді.

Салтанатты рәсімнің ерекше сәттерінің бірі – осы залда екі жыл бұрын «Күз–2024» шақырылымы қатарында әскери қызметке аттанған ефрейтор Бақыт Нұрдәурен Ардақұлының жас сарбаздармен кездесуі болды. Ол 2024 жылы дәл осы залдан әскери қызметке аттанып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, бүгінде жас толым сарбаздарына өз тәжірибесімен бөлісті. Ефрейтор Бақыт Нұрдәурен Ардақұлы «Күз–2026» шақырылымының сарбаздарына ақ жол тілеп, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруларына сәттілік тіледі.
Жас толым сарбаздарына ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, генерал-майор Төлеужан Жүнісов және басқада ақжолтай тілектер айтылды.

Ақ жаулықты әже Жаңылсын Жұмағалиева Мүбенқызы болашақ сарбаздарға ақ батасын беріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен және Құрмет қарауылы ротасының көрсетілімдерімен жалғасты.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әскери қызметтің маңызын айқындаумен қатар, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, Отан қорғаушыларға деген құрметті арттыруға және қоғам мен армия арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.
