logo
search
menu
Астана алғаш рет WTT Star Contender турнирін қабылдайды: әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары ҚР Президенті кубогы аясында сынға түседі
Фото: Chat GPT арқылы жасалды

Астана алғаш рет WTT Star Contender турнирін қабылдайды: әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары ҚР Президенті кубогы аясында сынға түседі

Астана алғаш рет WTT Star Contender турнирін қабылдайды: әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары ҚР Президенті кубогы аясында сынға түседі, деп хабарлайды Taulik.kz.

2026 жылғы 15–20 қыркүйек аралығында Астана алғаш рет WTT Star Contender санатындағы халықаралық турнирді қабылдайды. WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup үстел теннисінен дәстүрлі Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өтіп, әлемнің 18 елінен 160 спортшының басын қосады.

Халықаралық үстел теннисі күнтізбесіндегі ірі жарыстардың бірі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры - 300 000 АҚШ доллары.

Астанадағы додаға әлемдік үстел теннисінің таңдаулы өкілдері қатысады. Жарысқа өтінім берген спортшылар қатарында Ван Иди (Wang Yidi, Қытай), Алексис Лебрен (Alexis Lebrun, Франция), Данг Цю (Dang Qiu, Германия), Дарко Йоргич (Darko Jorgic, Словения), Дмитрий Овчаров  (Dimitrij Ovtcharov, Германия), Сацуки Одо (Satsuki Odo, Жапония), сондай-ақ Миу Хирано (Miu Hirano, Жапония) бар. Жекелей сында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фанг Бо  Қазақстан атынан Nomad Table Tennis Academy құрамында өнер көрсетеді.

Отандастарымыз WTT-дің ең ірі турнирлерінде, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тұрақты өнер көрсетіп жүрген спортшылардың ойынын өз көзімен тамашалауға мүмкіндік алады. Ал отандық ойыншылар үшін өз алаңындағы Star Contender әлемнің жетекші спортшыларымен кездесіп, осындай деңгейдегі жарыстың тәжірибесін жинауға және халықаралық рейтингтік ұпайлар иеленуге жол ашады.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Турнирдің халықаралық құқық иеленушісі әрі ұйымдастырушысы - ITTF аясында жұмыс істейтін World Table Tennis (WTT). Қазақстандағы жарысты ұйымдастыруды Nomad Table Tennis Academy қамтамасыз етеді.

Жарыс бес дисциплина бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей разряд, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық разряд, сондай-ақ аралас жұптық разряд.

WTT Star Contender турнирінің Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өткізілуі жарыстың дамуындағы жаңа кезеңді айқындайды. Бұл формат қалыптасқан қазақстандық спорт дәстүрін кәсіби үстел теннисінің жетекші халықаралық серияларының бірімен тоғыстырады.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирін өткізу Қазақстанның әлемдік үстел теннисі картасындағы орнын нығайтып, отандық спортшыларға өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен тұрақты түрде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup

Өтетін күні: 2026 жылғы 15–20 қыркүйек
Өтетін орны: Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, Астана
Жүлде қоры: 300 000 АҚШ доллары
Қатысушылар: әлемнің 18 елінен 160 спортшы