QazMed: Түркістанда медицина қызметкерлерінің республикалық спартакиадасы өтеді
Еліміздің 11 өңірінен 200-ден астам медицина саласының қызметкері Түркістанда бас қосады: «QazMed» салалық кәсіподағының бірінші Республикалық спартакиадасының ақтық кезеңі өтеді
Астана қ./ Түркістан қ. — 2026 жылғы 8 қазан
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында өтетін бірінші Республикалық спартакиаданың ақтық кезеңі басталатынын хабарлайды.
Кәсіподақтар күніне орайластырылған ауқымды спорттық іс-шара 2026 жылғы 8–10 қазан аралығында Түркістан қаласының жетекші спорт нысандарында өтеді. Атап айтқанда, жарыстар «Turkistan Arena» спорт кешенінде, Октябрь Жарылқапов атындағы стадионда, Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде және №1 спорт мектебінде ұйымдастырылады.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылғы 9 қазанда сағат 17:00-де «Turkistan Arena» стадионында өтеді.
Спартакиаданың негізгі мақсаты — медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық рух пен кәсіподақтық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ әр өңірдегі медицина қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуы мен кәсіби байланысын дамыту.
Спартакиаданы өткізу туралы бастама 2025 жылғы желтоқсанда «QazMed» кәсіподағының Атқару комитеті отырысында көтеріліп, комитет мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Жарыстар үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Ақтық кезеңге Қазақстан Республикасының 11 өңірінен 200-ден астам әуесқой спортшы қатысады.
Қатысушылар спорттың 6 түрі бойынша өзара бақ сынайды:
- • шағын футбол
- • волейбол
- • үстел теннисі
- • тоғызқұмалақ
- • жеңіл атлетика
- • шахмат
«Медицина қызметкерлерінің еңбегі жоғары зейінді, эмоциялық тұрақтылықты және елеулі физикалық күшті талап етіп келеді. Бірінші спартакиаданы өткізу — денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қолдаудың, оларға жағымды әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлаудың, командалық рухты нығайтудың тамаша мүмкіндігі. Бұл бастама «QazMed» кәсіподағының өз мүшелерінің құқықтық қорғалуына ғана емес, сонымен қатар олардың денсаулығы мен әл-ауқатына да көңіл бөлетінін көрсетеді», — дейді «QazMed» салалық кәсіподағының төрағасы Алиақпар Матишев.
«QazMed» КӘСІПОДАҒЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА
Тарихы және ауқымы
«QazMed» салалық кәсіподағының тарихы 2015 жылғы 29 мамырдан бастау алады. 2019 жылдан бастап кәсіподақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіреді.
Бүгінде «QazMed» РҚБ 85 мыңнан астам мүшені біріктіреді.
Миссиясы мен басым бағыттары
Кәсіподақтың негізгі миссиясы — денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Кәсіподақ қызметінің басым бағыттарына құқықтық қолдау көрсету, еңбек қатынастарын реттеуге қатысу, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қорғау, сондай-ақ қоғамда медицина қызметкері мамандығының беделі мен мәртебесін арттыру жатады.
Әлеуметтік әріптестік және нәтижелер
«QazMed» өкілдері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының сайланбалы органдарының құрамына кіріп, Бас келісімді іске асыруға белсенді қатысады.
2026 жылғы 9 ақпанда «QazMed» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен, «AQNIET», «SENIM» кәсіподақтарымен және Қазақстан медициналық ұйымдар альянсымен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық келісімге қол қойды.
Кәсіподақтың жүргізген жұмысының нәтижесінде бірқатар маңызды мәселе бойынша оң өзгерістерге қол жеткізілді:
- санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және бейінді бағыттар мамандарының лауазымдық айлықақыларына қатысты өзгерістер енгізілді
- әртүрлі меншік нысанындағы ұйымдардағы еңбекақы төлеу жүйесі мен «Мейіргер ісі» қолданбалы бакалавриаты бойынша еңбекақы төлеу нормалары нақтыланды
- инфекциялық қызметтегі жұмыс үшін қосымша ақы төлеу тетіктері енгізіліп, медициналық білімі жоқ қызметкерлердің тізбесі нақтыланды
Кәсіподақ ақылы медициналық қызметтерден түсетін кірістің кемінде 40 пайызын барлық қызметкерге ынталандыру төлемдері мен еңбекақы төлеуге бағыттау жөніндегі норманы салалық келісімге кезең-кезеңімен енгізу мәселесі бойынша жұмысты жалғастыруда.
Халықаралық қызмет
2025 жылы «QazMed» Орталық Азия елдері денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтары кеңесінің құрамына кірді.
Бұл қадам ұйымның халықаралық мәртебесін нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және медицина қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін халықаралық деңгейде қорғау бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етті.
Құқықтық ағарту
«QazMed» кәсіподағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде онлайн оқыту, көшпелі семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізеді.
Оқу іс-шараларының негізгі тақырыптарына еңбек заңнамасы, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттар жасау және кәсіподақ қызметінің басқа дa өзекті мәселелері кіреді.
БАҚ өкілдерін аккредиттеу және қосымша ақпарат алу үшін байланыс
Телефон: +7 705 990 03 63 (Қайрат)
Электрондық пошта: roo.qazmed@gmail.com