Қазақстанда салық төлеу жеңілдейді
Қазақстанда салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтерді жеңілдету, цифрландыру және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Astana ESG Forum-2026 аясында өткен жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Baspasoz.kz-ке сілтеме жасап.
«Астана» халықаралық қаржы орталығында ұйымдастырылған форумда вице-министр салық жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлермен ашық байланыс орнату және заңбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы өзгерістерге тоқталды.
Ержан Біржановтың айтуынша, басты мақсат – адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, салық міндеттемелерін орындауды барынша жеңілдету.
"Біздің міндет – кәсібін адал жүргізетін жандарға заңның сақталуын жеңілдету. Салыққа қатысты сын-қатерді уақытында анықтаған маңызды. Мемлекет пен бизнестің өзара байланысы қарапайым әрі болжамды болуға тиіс", – деді вице-министр.
Салық қызметтерінің 99,8 пайызы электронды түрде көрсетілген
Қаржы министрлігі салықты басқарудың сервистік моделін дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл тәсіл кәсіпкерлерге қажетті қызметтерді қашықтан алуға және ықтимал қателерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Биылғы тоғыз айда мемлекеттік кірістер органдары 12,9 миллион қызмет көрсеткен. Соның 99,8 пайызы электронды форматта ұсынылған.
Ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – салық есептілігін қабылдау. Қазір мұндай құжаттарды өңдеуге небәрі 1-2 минут жұмсалады. Сонымен қатар декларацияларды алдын ала толтыру және есептіліктегі сәйкессіздіктерді қашықтан түзету мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр.
Бұрын 20 күнге созылған жұмыс енді бес минутта орындалады
Шағын және орта бизнестің жұмысын жеңілдету мақсатында 1С бухгалтерлік есеп жүйесімен цифрлық ықпалдастық орнату мәселесі қарастырылып жатыр.
Жаңа шешімдер құжат айналымын автоматтандыруға, ақпаратты бір жүйеге жинақтауға және кәсіпорындар арасындағы экономикалық байланыстарға қатысты тәуекелдерді анықтауға бағытталған. Мәселен, бұрын «Пирамида» аналитикалық есебін әзірлеу 20 күнге дейін созылса, қазір бұл жұмыс шамамен бес минутта орындалады. Министрлік кәсіпкерлермен өзара сенімді нығайту үшін көлденең мониторинг тетігін де дамытып келеді. Оған компаниялар ерікті түрде қатысып, есеп деректеріне онлайн қолжетімділік береді.
Осының арқасында бизнес өкілдері жоспарланған мәмілелерге қатысты алдын ала түсіндірме алып, анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзете алады.
Шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізілуі мүмкін
Форумда кәсіпкерлер үшін маңызды тағы бір бастама сөз болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027 жылғы қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жұмысқа Құрылтай депутаттары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысуда. Тиісті ұсыныстарды әзірлеу барысында бұған дейін қолданылған мораторийдің нәтижелері ескерілмек. Сондай-ақ Ержан Біржанов ESG қағидаттарының салық саласындағы маңызына тоқталды. Оның сөзінше, компаниялардың ашық есеп жүргізуі, ішкі бақылау жүйесінің сапасы және мәліметтердің шынайылығы ерекше рөл атқарады.
Дегенмен ESG рейтингінің жоғары болуы кәсіпорынға салықтық жеңілдік бермейді және заңда белгіленген міндеттемелерден босатпайды.
Қаржы министрлігі алдағы уақытта да көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, заңды жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға басымдық бермек.