Сарбаз ақша сарайын күзетіп тұрған кезде өзін-өзі атып тастаған, - деп хабарлады ҚазТАГ редакциясына оқиғамен таныс дереккөз.Ұлттық ұланның ресми тұлғалары оқиғаның нақты қай жерде болғанын ашып айтпай, тек «аса маңызды мемлекеттік нысанда» болғанын мәлімдеген болатын.
22 тамызда сағат 15:15 шамасында аса маңызды нысанды күзету кезінде қатардағы келісімшарт бойынша қызмет өтеуші Абылай Сабыров өз тапаншасымен басына жарақат салып, содан қаза тапты. Бұл сарбаздың қазасы әскери қызмет атқаруға байланысты емес. Оның ата-анасы сағат үш шамасында Текелі қаласына алып кетті. Әскери бөлімге, Ұлттық ұланға ешқандай арыз-шағымы жоқ, – деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешев.Сондай-ақ ол қайтыс болған әскери қызметшінің қызметіне қатысты мәлімет берді. Сарбаз бұған дейін Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында мерзімдік қызмет атқарған. 2021 жылдың 5 қазанында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына шартты қызметке келген.
Абылай Сабыров қызметін жақсы атқарды. Оның құжаттары Жоғарғы бас қолбасшыға беріліп, әрі қарай да жоғары лауазымға тағайындалуы керек еді. Бірақ өз-өзіне қол жұмсағандықтан, оның бәрі тоқтатылды. Қазір «Оңтүстік» өңірлік әскери тергеу басқармасы осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғап, мән-жайды тексеріп жатыр Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы қазір қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, Ұлттық ұлан мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының атынан қатардағы Абылай Сабыровтың ата-анасына көңіл айтамыз, - деп толықтырды Әлкешев.
Taulik.kz