Ақмола облысында 31 жастағы ер адам өзінің қарт анасын ұрды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Taulik.kz сайты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленуші дене жарақаттары мен сынықтармен ауруханаға түсті. Ведомствоның хабарлауынша, 22 тамызда Аршалы аудандық полиция бөліміне орталық аудандық аурухана қызметкерінен телефон хабарламасы түскен.
Егде жастағы әйел қабылдау бөліміне қабырға астының көгерген жарақаты, оң жақтағы 9, 10 қабырғасының жабық сынуы диагнозымен түскен.
71 жастағы зейнеткерге дене жарақатын келтірген күдікті оның 1991 жылы туған ұлы болып шықты. Әйел тұрмыстық жанжал кезінде зардап шеккені анықталды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.