Әлеуметтік желіде имам, ұстаз Қабылбек Әліпбайұлының ипотекаға үй алуға болмайтыны туралы уағызы кеңінен тарады. Дін маманы ипотекаға үй алуға болмайтынын, оның өсім екенін қадап айтқан болатын, деп хабарлайды Taulik.kz сайты aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
«Ипотекаға үй алуға болмайды. Ипотека деген не? Ол жерде не бар? Ол жерде өсім бар. Өсім дұрыс емес. Пәтер жалдап тұрсаңыз да иманды, ибалы ұрпағыңыз өсіп жатыр. Тақуа балаларыңыз, иманды қыздарыңыз өсіп жатыр. Уайымдамаңыз. Өмір бойы пәтер жалдап тұратын адам жоқ. Алла Тағала барлығына үй береді, сынақ сондай», – деді Қабылбек Әліпбайұлы.Имамның сөзінше, елімізде ипотекасы бар жандардың бәрі күнәһар екен. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы түсініктеме берді.
«Шариғатқа сай жолын айтатын болсақ. Мысалы, қазіргі уақытта шариғатқа сай ислами банктер бар. Олардың жұмыс істеу принципі былай: үйді сатып алып, үстіне ақша қосып, үстеме бағамен сатады. Яғни бөліп-бөліп төлеуге береді, бұл шариғатта мұрабаха деп аталады. Осылай сатылатын болса, бұл шариғатқа сай. Ешқандай кедергісі жоқ, – деді ҚМБД Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.