100-ге жуық адамның атынан несие рәсімдеген келіншек Жамбыл ауданынан табылды, деп хабарлайды Taulik.kz KTK арнасына сілтеме жасап. Әйел кепілдегі тұрмыстық техника мен әшекей бұйымдарды таныстары арқылы ақшалай шығарып беремін деп сендіріпті. Алайда не ақша, не тауарды көрмеген халық банктерге белшесінен қарызға батқан. Осылайша, қос-қостан қарызы барлар енді пайдаланбаған несиені төлеуге мәжбүр. Қулығына құрық бойламаған келіншектің арбауына 97 адам түскен. Олардың барлығы тұрмыстық техникаға тапсырысты әлгі қыз көрсеткен компанияға берген. Қолға түскен күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары Жарқын Есжанов: «Келтірілген залал сомасы 100 миллионнан астам. Қылмыстық іс тіркелгеннен кейін күдікті азаматша қылмыстық қудалаудан органдарынан бой тасалауына байланысты іздеу жарияланды. 28 тамыз күні жедел іздестіру нәтижесінде, күдікті әйел Нұр-Сұлтан қаласынан ұсталды. Қазір қамауға алынды. ҚК 190-бап 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді.
Taulik.kz