Президенттің жолдауы туралы толық сараптама жасауға әлі ерте. Жан-жақты айтқан саласына байланысты пікір дайындау керек. Екінші, менің естіген уақыттардағы маңызды деген ештеңе қозғалмады. Әрине, тек әлеуметтік және экономикалық мәселеге басымдық берілді, ол түсінікті. Себебі, бағаның қымбаттауы, құлдырауы, экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты мәселелер ғой. Бірақ, менің өзім көздеген екі мәселе қозғалмады. Бірі, демократиялық реформа. Екінші, ұлттық мәселе. Яғни, қазақ тілінің проблемасы. Керісінше, орыс-қазақ тілін бірдей етіп мектептерге беру көтерілді. Орыс тілді қоғам қайтадан орыс мектептерінің көбеюін талап етуі айдан анық. Шындығына келгенде, мұны қателік деп айтамыз ба әлде президент үшін қателік емес болар... Менің ойымша, қазақ қоғамы үшін бұл қауіпті.Үшінші сайлауға байланысты, ең қызығы, әрине осыған дейін әңгіме болды ғой, парламент сайлауы бола ма, президент сайлауы бола ма дегендей. Ең бастысы, президенттің кезектен тыс үш жылдан кейін қайта сайлау жасауының себебі нақты айтылған жоқ. Кез-келген уақытта реформа жасап жатырмыз дегенге келтірді. Ал шындығында, әділетті сайлаудың өз принциптері бар. Олар: Сайлаудың өз уақытында ғана болуы. Америка мен Англияда соғыс болып жатқан кездің өзінде де сайлау қай жылға қойылды, сол жылда өтеді. Ал бізде президент сайлауы да, парламенттік сайлау да 90% кезектен тыс өтті. Түрлі сылтаулар арқылы өтті...
Тоқаевтың да сол жолға түскені мені таңқалдырып отыр. Менің ойымша, бұл Тоқаевтың таңдауы емес, қасындағы биліктің таңдауы... Билікке қазір Тоқаев керек. Жартылай реформа жасап, қазіргі жүйені сақтап қалу үшін қажет. Тоқаевты 7 жылға сайлау үшін олар барын салып жатыр.Ешқандай нақты дәлелсіз, аспан айналып жерге түскен жоқ, ешнәрсе орын алып жатқан жоқ, оппозиция да жоқ, тып-тыныш кезде тағы да 7 жылға сайланғаны мен үшін мүлдес түсініксіз дүние... Ол тек өзінің уақытында сайлауға түсуі мүмкін деп ойлап едім. Я болмаса, президент боп тұрған уақытында, менен де артық саясаткер өмірге келді деп кете ме деген ой болды. Бірақ, қазір биліктің Тоқаевты әрі қарай ұстап тұруға ынталы екенін сездім. Демек, бұл да әділетсіз сайлау. Тоқаев қайта сайлауға түсіп, міндетті түрде сайланады. Өйткені, сайлау комиссиясы өзгермеді.
Сондықтан, біз тағы 7 жыл осы жүйенің құзырында боламыз...”,- деді саясаткер Дос Көшім.
Taulik.kz