Біз қиналдық әрі қарнымыз да ашты. Мен әйелдер мен журналистерді жек көретін елде қалған журналист әйелмін. «Тәліптердің» қолында тізімі бар. Онда осы автобус арқылы қашпақ болғандардың аты-жөндері тұр және бізді іздеп үйге, анамызға барулары да қиын емес. Өзімнің құқығымның, болашағымның жоқ екенін білдім.
Соған қарамастан бақытта едім. Ақымақ адамның сөзіндей естілер, бірақ таңғы жеті кезінде ақыры біз үйге қайттық. Сарамен бірге автобустан түсіп, таксиге отырдық. Жолда алдымен ұйықтап аламыз ба әлде тамақтанамыз ба деген нәрселерді талқыладық. Мен – ұйықтайық дедім, Сара – тамақтанайық деді.
- Көңілің тола ма? – дедім Сараға.
- Әрине! Қалай ойлайсың, олар әлі ұйықтап жатыр ма екен?
- Меніңше, иә. Оларға тосынсый жасайық!
Біз баспалдақпен тез-тез басып, үйге көтерілдік. Есікті Асман ашты. «Мен сенің оралатыныңды білдім!», – деді ол. Біз бір-бірімізді қатты құшақтап алдық та, анамыз оянып кеткенше күлдік. Біз төртеуіміз құшақтасқан күйі отырып, әңгімелестік. Олар біз үшін алаңдағандарын айтты. Содан кейін анам мерекелік таңғы ас дайындауға, мен өзімнің ақ-қызыл түсті пердесі бар бөлмеме, жұмсақ матрасқа құлай кеттім де, ұйықтадым.
Кешке қарай телефоныма келген хабарламадан оянып кеттік. Хат құрбымнан келген екен: «уатсапты аш та, менің хатымды ДӘЛ ҚАЗІР оқы». Бірінші келген хатында «ЖЫЛДАМ» деп жазылған. Әуежай қайта ашылған, жоспар күшінде екен.
Бізге қайтадан автобусқа қайту керек болды.
Орнымнан тұрып, ұзын қара көйлекті кидім де, бар даусыммен Сараны шақырдым. Асман анамның кабили палав – күріш қосылған жүзім және қозы еті, менің ең сүйікті тамағымды дайындап жатқанымды айтты. Алайда тамаққа қарайтын уақыт болған жоқ. Біз тіпті анамызбен қоштасып үлгермедік, ол сыртқа шығып кеткен екен. Үйден шыққанда артымыздан ешкім су шашпады. Әкем үйде еді. Ол Құран кітапты әкеліп, біз үшін дұға қылды. Біз «Аль-Фатиха» сүресін оқыдық және Құдайдан өзімізге шапағат тілеп, дұрыс жолды көрсетуді сұрадық. Содан кейін әкеміздің қолынан сүйдік, ол маңдайымыздан сүйді. Сөйтіп үйімізді екінші рет тастап шықтық.
«Тәліптер» жаңа ереже ойлап тапқан: ешқандай жүк болмайды. Тек кішкентай ғана ашық түсті пакет алуға болады, себебі қару алып өтпеу керек. Онда киімдер де симады, ноутбукты не істеймін? Онда менің бүкіл суреттерім, бала және студент кезімдегі естеліктер, мәтіндерім – мақалалар, аяқтау керек материалдарым бар. Журналист ретінде жаңа елге қалай ноутбуксыз барамын? Менде тек 400 АҚШ доллары ғана болды, ол тек жолға және алғашқы айға жетеді, ал ноутбук ала алмаймын. Сондықтан мен ноутбукты көйлегімнің астына тығып өттім. Ешкім көрмейді деген үміттемін.
Бұл жолы бәрі өте тез өтті. Біз күзет бөлімшесінен жол бойында өттік. Бірнеше сағат күттік. Содан кейін тағы бір тексеріс. Автобус ішінде «Тәліптер» ерінсіз жүрген әйелдерді кері қайтарып жатыр деген өсек тарады. Оны естіген Сара екеуімізден үміт тағы да сырғи берді. Алайда мен бірдеңе ойластырып қойдым. Артқы жақта отырған әп-әдемі бір отбасынан егер сұрап қалып жатса, біз сол отбасының мүшесі екенімізді, олар бізге де бас-көз болып отырғанын өтіндім. Алдымен ол қарсы болды – артық бәледен қашқысы келді, бірақ әйелі бізге көмек керек деп көндірді.
Міне, біздің де кезек келді. Автобустан түстік, күзетшілер ерлер мен әйелдерді екі жаққа бөліп тұрғызды. Алдымен біздің сөмкелерімізді тексерді, кейін командир адамдарды бір-бірлеп шақыра бастады. Бізді ешкім өз жауапкершілігіне алмағандықтан, қазір сұрап қалса қайтеміз деп қорықтық. Бірақ олар сұраған да жоқ. Ақыры әуежайдың ішінде кірдік.
Әуежай мен күткендей болған жоқ: әуежайға қарағанда, әскери базаға қатты ұқсайтын еді. Соңымызда қарулы тәліптер қалды. Алдымызда – америкалық сарбаздар. Ортасында – қашып бара жатқан топ. 20 жыл бойы соғысып келе жатқан екі ел әскерінің бір-біріне жай ғана қарап тұрғандары қызық көрінді. Америка террористермен күресеміз деп алып, енді міне, елімізді олардың қолына өз мүдделері үшін бере салды. Нағыз сатқындық.
[caption id="attachment_2858" align="alignnone" width="2560"]
Эвакуация граждан Афганистана на военном борте C-17 Globemaster III в аэропорте Кабула, 22 августа 2021 года. Фото: MSgt. Donald R. Allen / U.S. Air Force / AP[/caption]
Сонда да АҚШ сарбаздарының бізге көмектесу үшін бар күштерін салғанын көрдім. Америкалық тарапта әскерлер адамдарға тамақ пен су берді, балаларға күле қарады. Бірнеше сарбаз бұрышта ұйықтап жатты. Олар шамалары келгенше көп адамды құтқаруға тырысты. Сол кезде менің ойыма сұрақ келді: жеңілген бүкіл ауған әскері қайда? Неге олар өздерінің отандастарына көмектеспейді?
Сараның ең бірінші істегені – үстіндегі қара көйлегін жыртты да, оның енді ешқашан кимейтінін, соған ұқсас киімді де алмайтынын айтты. Ал мен шеше алмадым, себебім көйлегімнің астында ноутбук бар. Біз шөлдедік, бірақ су болмады, тек балаларға арналған сүт бар. Бірнеше пакетін ішіп алдық. Құрбыма: «Біз іштеміз» деп хат жаздым да, Сарамен селфи жібердім. «Иәәәә!!!» – деп жауап берді ол.
Америкалықтардың да өз ережесі болды: ешқандай жүк болмауы керек. Пакеттен ең сүйікті жейдем мен шалбарымды алып, киіп алдым. Модель Сарамыз заттарынан айырылғысы келмеді. Алайда тастауға тура келді. Менде тек паспорт және басқа да құжаттар, әкемнің суреті, анамның сағаты мен ноутбук қалды.
Жарық түсті. Біз аштық пен шаршағаннан әлсіреп қалдық. Төрт сағат бойы тексеру пунктіндегі әскерилер біздің қалтамызды, құжат толы папкамызды және шаштарымызды қарап болғанша кезекте тұрдық. Кезек маған келген кезде мен өзімнің журналист екенімді, ноутбукке тиіспеулерін сұрадым. Олар ноутбукты қосып, шынымен де жұмысқа арналған ба соны тексерді де, оп-оңай қайтарып бере салды. Таң атқалы біраз болды, сарбаздар бізге күнге қызған суларын әкеліп беріп жатты. Кейін бәрімізге жеке-жеке браслет берді. Ол кезде мен бұл браслетті төрт ай бойы тағып жүремін деп ойлаған жоқпын.
Құрбымнан келген бірінші хабарламаны алғаннан кейін үш күнге жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде біз бар-жоғы бес шақырым жол жүргенбіз. Ал қазір біз жарты әлемді кесіп өткелі тұрмыз. Ауыр болса да, анам мен сіңлімді тастап барамын және іштей қуандым, болмағанда біз тәліптерден ада боламыз, еркін өмір сүреміз деп. Әрі Американы, әлемді иттің етінен жек көріп кеттім, себебі олар бізді тастап кетті. Алдымда не күтіп тұр? Артта қалғандарды ше?
Жалғасы бар...
Бірінші бөлім: «Сіздерге осы оқиғаны баяндау үшін тәліптерден ноутбугімді жасырдым» – ауған қызы
Екінші бөлім: «Өлгім келмейді» – ауған қызы