«Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде Болат Назарбаев күдікті ретінде танылған қылмыстық істер жоқ», – деді агенттік.Жемқорлыққа қарсы агенттікте Болат Назарбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс болмағанымен 21 тамызда прокуратура Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваға «Рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған. Прокуратура Болат Назарбаев пен Майра Құрманғалиеваның үстінен Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті «Рейдерлік» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеген еді. Кейін қаржы мониторинг агенттігі Нұрша Кәкенов есімді азаматтан Болат Назарбаев пен Құрманғалиева «Karuan» компаниясын тартып алынғаны жөнінде арыз келгенін растаған. Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмен әрі ауқатты адамдардың бірі болған Болат Назарбаевты «рейдерлікке» айыптағандар көбейген. Шілдеде билікке жақын ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың «ұзақ жылдан бері науқас екенін» айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған. Жақындары оның бірнеше жылдан бері «қатерлі ісікке шалдыққанын» айтқан. Сарапшылардың кейбірі «науқас Болатты көрсету арқылы туыстары қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін» деп санайды. Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреп, жақындары мен жақын серіктері билік маңынан аластатылды. Мәселен, оның қызы Дариға Назарбаева мәжіліс депутаты мандатын тапсырып берген. Немере інісі Қайрат Сатыбалды мен экс-құдасы Қайрат Боранбаевтың үстінен «аса ірі көлемде қаржы жымқырды» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Taulik.kz