Польшаның ірі кондитерлік зауыттарының бірі Stokson Қазақстанда өз өндірістерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы польшалық компанияның басшылары ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешевпен және Kazakh Invest басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесуде айтып берді.
Stokson - Польшаның кондитерлік өнімдерін шығаратын ең ірі зауыттарының бірі. 30 жыл ішінде компания 40-тан астам елге өнімдерін жеткізген.
Stokson компаниясының құрылтайшылары Генрик Стоклос пен Матеуш Стоклос Қазақстанда өндірістік кешеннің ашылуы Қазақстан экономикасына оң әсер етеді, сондай-ақ компанияның әлемдік нарықтардағы өкілдігін кеңейтуде маңызды рөл атқарады деп санайды.
Өйткені бұл компанияның алғашқы инвестициялық жобасы.
"Біз өзіміздің алғашқы шетелдік өндірісіміз үшін Қазақстанды таңдағанымызға өте қуаныштымыз. Біз кондитерлік тауарларды жеткізу бойынша Еуроодақ және Ресей елдерінде жетекші орындамыз. Сонымен қатар Орталық Азия, ТМД және Кавказ елдерінің нарықтарына шығуды жоспарлап отырмыз. Бізді Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытудың жоғарғы деңгейі, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстары қызықтырды. Келесі жылы қазақстандық нарықтарға өз өнімдерімізді қолайлы бағамен жеткіземіз деп сенеміз", - деп мәлімдеді Генрик Стоклоса.