Түлкібастың алмасы Алматының апортынан кем емес. Тіпті көлемін былай қойғанда дәмі жағынан да асып түседі. Өйткені жаздың күнгі ыстық пен түнгі салқын өнімнің бойына шырынды көп жинауына әсер етеді, дейді бағбандар. Бұл туралы Taulik.kz сайты хабарлайды.
«Түлкібас тұран сервис» ЖСШ 2015 жылы 40 гектар жерге алма отырғызған екен. Онда ред делишес және голден делишес деген екі түрі бар. Ал 2020 жылы 20 гектар жерге өрік егіпті. Бағбандар бар жоғы 7 жылда еселеп өнім алып жатыр. Биылғы көктемде ауа-райы қолайлы болып, жеміс ағаштары жаппай гүлдеген. Бағбандар тіпті кейбір бұтақтарды жұлып тастаған. Соның өзінде ағаштар өнімін көтере алмай бұтақтары сынып жатыр.
2007 жылдан бастап елімізде бау-бақша өнімдерін еккен шаруаларға мемелекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде Түлкібас ауданында 2 мың гектар жерге түрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Олардың артықшылығы – тамшылатып суарылады. Сондықтан өнімді тез береді, бойы аласа, теріп алу оңай. Кемістігі – өміршеңдігі 15-20 жыл.
Ауданда баудың көлемі күні бүгін 3 мың гектардан асып жығылады. Жалпы Түлкібас ауданын алманың отаны десе де болады. Өйткені кез келген үйдің ауласында бауы самсап тұр. Оған қоса тұмса табиғаты бар тау бөктерінде де жабайы алма түрі көптеп кездеседі. Былтыр құрғақшылыққа қарамастан аудан шаруалары 25 мың тонна өнім алған. Биыл 30 мыңнан асып түседі деген болжам бар.
Taulik.kz