Биыл Түркістан облысында 152 ауылдық елді мекенді сапалы интернетпен қамту жоспарланып, оның 51 ауылында жаңа базалық станция іске қосылды. Қалған 101 елді мекен жыл соңына дейін интернетпен қамтылады деген болжам бар, деп хабарлайды Taulik.kz сайты.
Аталған мәселе Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақта ғаламтор мен байланыстың сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаевтің айтуынша, Түркістан облысы аумағында 838 ауылдық елді мекен бар. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау және анализдеу ақпараты нәтижелері бойынша 642 елді мекендегі 1 753 012 тұрғын сапалы интернетпен қамтылған, бұл – жалпы облыстың 73,7 пайызын құрайды. Онда 441 129 оқушы 3G және 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген. Ал, 123 ауылдық елді мекенде 63 мыңға жуық оқушы 2G мобильді желісін қолданып жатыр.
Taulik.kz