Бакуде өткен Әлем Кубогының кезеңінде Данил Мұсабаев батутта секіруден жекелей сында топ жарды. 24 жастағы қарағандылық спортшының көрсеткен нәтижесі – 59,240 ұпай. Ол испаниялық Хорхе Мартин (58,530) мен француз Аллан Морантені (58,270) басып озды. Бұл туралы taulik.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Сонымен қатар Мұсабаев синхронды секіруде 25 жастағы Пирмамад Әлиевпен жұпта екінші алтынды жеңіп алды – 51,490 ұпай. Айта кетейік, Әлиев – әзірге Олимпиадада өнер көрсеткен тұңғыш және жалғыз қазақстандық батутшы. Ол Рио-2016 Олимпиадасында 12-ші нәтиже көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қазан айында Мұсабаев әлем чемпионатының кезеңдерінің жалпы нәтижелері бойынша әлемдік рейтингте көш бастаған алғашқы қазақстандық болды. Ол батутта жекелей секіру бойынша 153 ұпай жинады. Екінші орында португалиялық Диого Абреу (144), үшінші орында жапондық Рюсей Нишиока (120).
Loading...