Қазақта «Түннен аман шығайық» деген сөз бар. Аталған сөздің мәнін 2023 жылдың 6 ақпаны күні таңертең барлық ақпарат құралдарынан жарияланған Түркия еліндегі қайғылы жағдай арқылы түсінуге болады. Сол бір түні «6,4 және 6,6 магнитудалы екі жерасты дүмпуі Нурдагы ауданында, 6,6 магнитудалы жер сілкінісі Ислахие ауданында тіркелген. Зілзаладан ғимараттар қираған. АФАД мәліметінше, 7,4 баллдық жер сілкінісі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де 7 км тереңдікте болған. Содан кейін жер сілкінісі әр түрлі аймақтарда - Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада сезілген. Түркияның ТRT мемлекеттік телеарнасы тікелей эфирде Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан провинциялардың кадрларын көрсетті. Онда тұрғындар суыққа қарамастан, зілзала қайталануынан қорқып, үйлерін тастап кетіп жатыр» деген мазмұндағы хабарды естігенде шын түсінгендейміз. Үйлерінде қамсыз, ертеңгі күннен үміттері бар қаншама адам атқан таңды көре алмай, табиғаттың тылсым күшінің екпінімен болған зілзала нәтижесінде өз үйлерінің үйінділерінің астында қалды. Жарығы барлар қашып шықты, құтылды, құтқарылды. Дегенмен, көптеген адамдар апаттың құрбаны болды. Қайтыс болғандар саны күннен-күнге артып жатыр, өкінішке орай.
Қазіргі таңда Түркия мемлекетінің зілзала болған қалаларына жер жүзінің түкпір-түкпірінен материалдық, медициналық көмектер келіп жатыр. Адамзат баласының «Адамның күні адаммен», «Апат айтып келмейді» деген сөздердің адам өміріне қауіп төнгенде қаншалықты маңызды және өзектілігіне көзі тағы бір рет жеткіздік. Қазақ халқы үшін түбір түрік бауырлардың қуанышы да ортақ еді. Енді мынадай ел басына күн туғанда бауырлас елдің қайғысына да ортақтаса білдік. Зілзаладан кейін ел президенті Түркияға ақшалай, материалдық көмек жіберілгенін және адамдарды құтқару үшін медициналық көмек көрсетуге ақ халатты абзал жандардан құрылған арнайы топтың да аттанғанын хабарлады. Бұл әрекет әрбір қазақстандықтың жүрегіне жылулық, апат болған аймақтың еңбегіне жебеу болар деген үміт ұялтқаны рас.
Ең алдымен «мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды», - деп хабарлама тарады. Міне, осы бір бастамадан кейін қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Туркияға 40 млн. теңге аударып, қосымша пункт ашты. Университет кафедралары да өз шамаларына қарай көмектесіп жатыр. Сондай-ақ, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы да өздерінің бір күндік еңбекақысын гуманитарлық көмек ретінде беруді шешті. Жер планетасын мекендеген әрбір адамның жаратылысы мен қауіпсіздігін ойлағанда ұлы Абайдың: «
...Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа» деген сөзіндегі «адамды сүй» концепциясынан – жүректен бастау алатын ізгі қасиеттерді, ақылмен қалыптасатын даналықты ұғамыз. Міне, сондықтан да болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған оқытушылардың бұл ниеттерінен адам өмірі, адамның амандығының адам үшін маңызды екенін жете түсінген тәрбиелік мәні істің үлгісін көруге болады.
Қазақ елінің тәуелсіздігін алғаш мойындап, татулық пен достық қалаған мемлекет Түркия Республикасына Алла сабыр берсін дегіміз келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы
Филология ғылымдарының кандидаттары
Акимбекова Г.Ш., Байелі А.Ж.