Боқаевтың жетекшілігімен жүргізілген «арнайы операция»: сотқа ұсынылған заттай айғақтар нені әшкереледі?
Алматыда Санжар Боқаев пен оның сыбайластарына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оларға алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған.
Бүгін мемлекеттік айыптау тарапы сотқа заттай дәлелдемелерді ұсынды. Атап айтқанда, сот отырысында Боқаевтың ұялы телефонынан алынған WhatsApp мессенджеріндегі хат-хабар мен өзге де мәліметтер зерттелді. Хат алмасулардан Боқаевтың әлеуметтік желілерде шу тудыру мақсатында гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыру жөніндегі жоспары көрініс тапқан. Бұл ретте Боқаевтың адвокаттары аталған заттай дәлелдемені зерттеуге тағы да қарсылық білдіріп, сот процесіне қатысушылардың үнін өз дауыстарымен басып тастауға тырысты.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Боқаев өз жоспарын жүзеге асыру үшін бұған дейін оның үйінде жөндеу жұмыстарын атқарған Ақылбек Хамракуловты және өзінің көмекшісі Ұлан Нүсіпқожаны жұмылдырған. Хат-хабардан Боқаевтың қатысушылар арасында міндеттер мен қаржыны қалай бөлгені, нақты тапсырмаларды бергені, «операцияның» барысын бақылағаны көрінеді.
Ұсынылған хат-хабарға қарағанда, Боқаев Хамракуловтан қандай ритуалдық қызмет көрсету бюроларын білетінін сұрап, сондай-ақ гранит тақталарын сатуға болатын болжамды орындарға қатысты оған нұсқаулықтарды берген.
2025 жылғы 1 қыркүйекте Хамракулов Боқаевтан қарызға ақша сұраған. Боқаев оған Kaspi.kz арқылы 50 мың теңге аударғаннан кейін, Нүсіпқожамен бірге екі нысанды аралап шығуды тапсырған. Бұл ретте Нүсіпқожа бейнетүсірілім жүргізіп, ал Хамракулов сол жердегі адамдардан белгілі бір материалдарды сатып алу мүмкіндігін анықтауы керек еді. Боқаев Талғардан бері және кері қарай жол шығындарын өтейтінін, ал тапсырма ойдағыдай орындалған жағдайда сыйақы беретінін уәде еткен.
3 қыркүйекте Боқаев Хамракуловқа 2GIS арқылы Алматыдағы автотұрақтың геолокациясын жіберіп, оған баратын жолды егжей-тегжейлі түсіндірген. Сондай-ақ, контейнерлерге барып, бақылаушыдан онда қандай да бір материалдардың сатылып-сатылмайтынын сұрауды тапсырған. Сағат 21:57-де ол нысанның фотосуреті мен бейнежазбасын жіберіп, сағат 22:00-ден кейін ол жерге күзет келетінін арнайы ескерткен.
Сонымен қатар Боқаев Талғардан шығатын жолда тас қабылдайтын және оларға ұсыныс жасауға болатын орындардың бар-жоғын анықтауды тапсырған. Хамракулов Бесағаш пен Талғарда осындай орындар бар екенін айтып, бұл салада таныстары барын және ақпаратты нақтылап беретінін жеткізген.
Боқаевтың қызығушылығы бейнетүсіріліммен ғана шектелмеген. Кейін ол нысанның күзеті қалай ұйымдастырылғанын және тасты өткізудің қандай жолдары бар екенін де анықтаған.
4 қыркүйек күні Боқаев қатысушылардың іс-қимылын үйлестіруді жалғастырған. Ал 9 қыркүйекте Астанада жүрген ол Хамракуловқа бейнехабарлама жіберіп, екі күннен кейін оған 300 мың теңге беретінін уәде еткен.
Алайда 11 қыркүйекте Боқаев «операцияның» нәтижесіне дөрекі түрде көңілі толмайтынын білдірген. Өз дауысымен жолдаған хабарламасында ол бейнежазбаның ойлағандай шықпағанын және оны пайдалануға жарамсыз екенін айтқан. Сонымен бірге 200 мың теңгенің бекерге жұмсалғанына өкініш білдіріп, Хамракуловты бұдан былай ешқандай «арнайы операцияларға» қатыстырмайтынын мәлімдеген.
Хамракулов қарсылық білдіріп, Боқаевтың барлық нұсқауын қатаң орындағанын айтады. Туындаған келіспеушілікке қарамастан, Боқаев оған тағы 50 мың теңге аударған.
Бұл оқиғада Боқаевтың өзі ұйымдастырған іс-шараларды «арнайы операциялар» деп атағаны, бейнетүсірілімнен қандай нәтиже күтетінін алдын ала айқындап, ойынан шықпаған материалға наразылық білдіргені айтарлықтай маңызға ие.