Ақтау қаласының әкіміне 172 мың теңге айыппұл салынды

Ақтау қаласының әкіміне 172 мың теңге айыппұл салынды

ашық дереккөзі

Бұрын заңды күшіне енген сот шешімін орындамағаны үшін Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов 172 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды taulik.kz. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ЖШС-тің Ақтау қаласының әкіміне қатысты талап қоюы қанағаттандырылған. Атап айтсақ, сот шешімімен жауапкердің  жер учаскесінің нысаналы мақсатынын өзгертуден бас тартуы заңсыз деп танылып, жердің нысаналы мақсатын өзгертуді, яғни бір ай ішінде ЖШС-нің пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдауды міндеттелген. Алайда осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де  қала әкімі қолайлы әкімшілік акті қабылдауға ешқандай шара қолданбаған.

«Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады. Нәтижесінде, сот ұйғарымымен Ақтау қаласының  әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған. Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек. Әйтпесе, ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылатын болады», - делінген Маңғыстау облыстық сотының ресми сайтында.

Loading...