Қазақстанда 25 кен орны аукционға шығарылады, деп хабарлайды taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы шет мемлекеттердің елшілерімен кездесу барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлім етті.
Оның сөзінше, 25 кен орнында пайдалы қазбаларды өндіру құқығын беру онлайн форматта жүргізіледі.
Кен орындарын кімдер сатып ала алады?
Сатып алушылар ретінде қазақстандық компаниялар да, шетелдік компаниялар да қарастырылмақ.
Қарабаев инвесторларға қойылатын басты талаптардың бірі – өндірілетін минералдық ресурс жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.
"Бірінші кезекте жергілікті халықты өндірісте жұмыспен қамту қажет. Екіншіден, халықтың пікірін ескеріп, жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысу қажет", - деді ол.
Жер қойнауын игерушілер арнайы платформа арқылы бақыланады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, елімізде жер қойнауын пайдаланушыларды мониторингілеуге арналған Minerals.gov.kz платформасы әзірленді.
Ол геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, лицензиялық учаскелерді бөлуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі мен қызметінің мониторингін қалыптастыруға арналған.
Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады.
Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұған қоса, онлайн қабылдаумен қатар, тіпті қағаз түрінде берілген өтінімдер де тіркеледі. Осылайша, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.Платформаның автоматтандырылған құралдары табиғатты пайдалану қақтығыстарын бірден көрсетеді.