Түркістан облысының тұрғыны Сапаргүл Есалиева өзінің туған абысынын іздеп, "Көреміз" бағдарламасынан көмек сұрады. Сапаргүлдің айтуынша, абысынын белгісіз біреулер құлдықта ұстап отыруы мүмкін, деп жазады Taulik.kz сайты sn.kz-ке сілтеме жасап. "Мен Орынгүл Әбдікерімованың келінімін. Ол менің қайынағамның әйелі. Екеуі қой бағып жүрді. Содан кейін оларды көрмедім. Кейін олар ажырасып кетті де, абысыным Шардараға тұрмысқа шығып кетті. Менің қайынағамнан бір қызы, екінші некеден бір қызы бар. Үш айдан кейін абысыным Орынгүл маған түн ішінде жылап хабарласты. "Дәретханада тұрып сөйлесудемін. Маған телефон бермейді", - деп жылады. Осыдан соң менен маза қашты", - дейді Сапаргүл. Осы орайда, Орынгүлдің құрбысы Жақсыгүл де өз пікірін айтты. "Мені алып кетіңдерші. Түнде ұйықтатпайды, ұрады, соғады ",- деп құрбысы Жақсыгүл Орынгүлдің хабарласқанын айтты.
"Оны таныс әйел өзінің жасы үлкен ағасына тұрмысқа берген. Он күн үйінде ұстап, үгіттеп, көндірген. Шалға тұрмысқа шығарған. Шалдың жасы жетпіске жақындап қалған. 1954 жылғы екен. Орынгүлдің бірінші некеден 12 жастағы, екінші некеден 2 жастағы қызы бар. Бір қызығы, қарындасы Орынгүлді ағасына әйел қылу үшін кішкентай қызды қолына алып қалған", - дейді Жақсыгүл Ботабекова.Ал Орынгүлді тұрмысқа берді деп күдіктелген Ұлболсын есімді әйел оны күштеп шығарғанын мойындаған жоқ. Бағдарлама студиясына Орынгүл Әбдікерімованы журналистердің араласуымен алып келді.
"Менің сауатым жоқ. Тек ақша санау білемін. Бірінші күйеуім Киізбаймен ажырастым, себебі, ол арақ ішті. Екінші рет жетпістен асқан шалға тұрмысқа шықтым. Ол жақсы еді, бірақ келіндері араға түсті. Содан бір қызым бар. Кейін мені соңғы күйеуімнің қарындасы күштеп тұрмысқа шығарды. Ол өзінің қызына күміс алқа әперу үшін кіші қызымды соның атына жаздырмақ болған. Мені күштеп қолхат жаздырды. Үлкен қызым интернатта, оны абысыным Сапаргүл қарап отыр. Оған рахмет. Мына жақта мені ешкіммен сөйлестірмей, қолыма телефон бермеді", - дейді Орынгүл.