Украина қарулы күштері 12 наурызда Ресей соңғы 24 сағат ішінде мыңнан астам әскерінен айырылғанын хабарлады. Украина шығысындағы Бахмут қаласы үшін қиян-кескі ұрыс жалғасып жатыр. Киев Бахмутта контршабуылға көшуге дайындық жасап жатқанын да мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Украина қарулы күштері бас штабы 12 наурыз күнгі хабарламасында Бахмутта "штурм" жалғасып жатқанын жазды. Украина әскері орыс армиясы Лиман, Авдеевка, Марьинка және Шахтер бағыты бойынша да шабуылдап жатқанын айтты.
Бас штабтың мәліметінше, орыстар соңғы 24 сағат ішінде 1090 солдат және 8 танкісінен айырылған.Ал британ барлаушылары мен батыс сарапшыларының айтуынша, орыс әскері Бахмутты жан жақтан қоршаймын деп орасан шығынға ұшыраған.
Украина құрлық әскері қолбасшысы Олександр Сырский "резервті жасақтап, қарымта шабуылға көшу үшін Бахмутты ұстап тұру маңызды" деп мәлімдеді. 12 наурызда Украина әскері ел аумағына тағы зымыран шабуылы жасалуы мүмкін деді.
"Медиазона" және BBC-дің Орыс қызметінің жинаған мәліметіне қарағанда, кейінгі екі аптада Украинадағы соғыста кемінде 1638 орыс солдаты опат болған. Кемінде 800-і Бахмутта өлген деп айтылады. "Медиазона" жазуынша, дегенмен Бахмутта қаза болғандар бұдан бірнеше есе көп болуы ықтимал. Журналистер қысқа мерзім аралығында бұрын-соңды осынша көп адам шығыны тіркелмегенін айтады.