Қазақстан Республикасында тағы бір мамандық өкілдерінің зейнеткерлік жасын қысқарту ұсынылды. ҚР Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Сергей Ершов төтенше жағдайлар министрлігіндегі жедел-құтқару жасағының қызметіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді айтты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты alau.kz-ке сілтеме жасап.
«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап құтқарушының лауазымдық жалақысы оның 23 пайызға өскенін есепке алғанда 105 208 теңгені құрайды, бұл біздің ойымызша, мұндай қауіпті кәсіптегі қызметкер үшін жеткіліксіз. Өйткені, бұл мамандар құтқару жұмыстарын жүргізу арқылы күн сайын өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», - деді сенатор.
Сонымен қатар, сенатор құтқарушылардың 63 жастан зейнетке шығу жасын дұрыс емес деп санайды, өйткені олар әрдайым төтенше жағдайларда жұмыс істейді.Депутат мысал ретінде құтқарушыларға ерте зейнеткерлікке шығуды қарастыратын кейбір елдерді келтіріп, жасы ұлғайған сайын құтқарушылардың ауыр жұмыстарды көтеруі қиындап, қалпына келтіру процесі жылдарға созылатынын атап өтті.
«Құтқарушылар мәртебесін көтеру үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де, арнайы мемлекеттік органдарға да, Қарулы Күштердің әскери қызметшілеріне де тұрғын үй төлемдерінің тәсілдері мен тетіктерін тарату қажет деп санаймыз», - деді депутат.